Басты бет › Совминка ғылым мен медицина саласының жас зерттеушілерін біріктірді

Совминка ғылым мен медицина саласының жас зерттеушілерін біріктірді

Совминка ғылым мен медицина саласының жас зерттеушілерін біріктірді Совминка ғылым мен медицина саласының жас зерттеушілерін біріктірді Совминка ғылым мен медицина саласының жас зерттеушілерін біріктірді Совминка ғылым мен медицина саласының жас зерттеушілерін біріктірді Совминка ғылым мен медицина саласының жас зерттеушілерін біріктірді

Алматыда өткен «SOVMIN FORUM 2026» жас ғалымдардың IV республикалық конференциясында жасанды интеллект, жүрек ауруларын емдеудің жаңа тәсілдері, нейрохирургия және репродуктивті медицина саласындағы жетістіктер негізгі тақырыптарға айналды.

Конференцияда заманауи медициналық технологияларды ауруларды емдеуде қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жасанды интеллект, цифрлық жүйелер мен жаңа зерттеу әдістерінің ауруларды дәл анықтауға, тиімді емдеу жолдарын таңдауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға тигізетін ықпалын талқылады.

Сондай-ақ отандық медицинаның хирургия, нейрохирургия, офтальмология, акушерлік және гинекология салаларындағы жетістіктері сөз болды.

 Атап айтқанда, баланың кейбір ауруларын дүниеге келмей тұрып, ана құрсағында жатқан кезінде емдеуге мүмкіндік беретін оталар мен бедеулікті емдеудің заманауи әдістері таныстырылды.

Ғылыми жиында медициналық деректерді зерттеу мақсатында пайдалану мәселесі де қозғалды. Ауруханаларда жылдар бойы жинақталған мәліметтер ғалымдарға ауруларды тереңірек зерттеуге, емдеу нәтижелерін саралауға және медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жас ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлердің өзара ынтымақтастығына да ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар ғылыми зерттеулер медицина мамандары күнделікті жұмыс барысында кездесетін нақты мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте медициналық жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен ауруханалар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор.

Ұлттық госпитальда ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда госпитальдың 30 маманы дәрігерлік қызметін ғылыми ізденіспен және кәсіби біліктілігін арттырумен ұштастырып, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Ғылыми қызметтің негізгі бағыттары  салауатты ұзақ өмір сүру, нейрохирургия және хирургиялық емдеу әдістерін жетілдіру. Соның ішінде, госпиталь мамандары егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтау жолдарын зерттеп, хирургтер Қазақстанда алғаш рет түтікшелі илеостомия әдісін тәжірибеге енгізді.

Осы ғылыми жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын жас ғалымдардың республикалық конференциясында Ұлттық госпиталь өкілінің ғылыми зерттеу жұмысы жүлделі орынға ие болуы да көрсетеді.

«SOVMIN FORUM» биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Конференцияның атауы тарихы 1929 жылдан бастау алатын Ұлттық госпитальдың халық арасында кеңінен танылған «Совминка» атауымен байланысты.

Іс-шараны ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан белгілі ғалымдар, дәрігерлер, оқытушылар мен жас зерттеушілер қатысты.

Конференция жас ғалымдарға өз зерттеулерін таныстыруға, тәжірибелі мамандардан кеңес алуға және өзара білім алмасуға мүмкіндік берді. Форумның басты мақсаты - жас зерттеушілердің ғылыми бастамаларын қолдап, болашақта ауруларды емдеу мен адам денсаулығын сақтауға ықпал ететін жаңа идеялардың дамуына жол ашу.