ҚР ПІБ Президенттік орталығында Республика күніне орай «Қазақстанның стратегиялық бағдарлары: тарихи призма арқылы болашаққа көзқарас» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Құрылтайдың, Қазақстан Халық Кеңесінің, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың 60-қа жуық өкілі, сондай-ақ елордалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Талқылаудың басты тақырыбы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу негіздерін айқындаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызы болды. Сондай-ақ қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатерлерді, тарихи жадты сақтау, ұлттық бірлікті нығайту және елдің әрі қарайғы даму басымдықтарын айқындау мәселелерін қарастырды.
Отырысты ашқан ҚР Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат конституциялық реформалардың маңыздылығына және азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Конституцияда қаланған қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыруы басты міндет болып қалуда.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова бүгінгі таңда егемендік саяси дербестік пен аумақтық тұтастықпен ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылықпен, қоғамның зияткерлік әлеуетімен және ұлттық бірегейлікті сақтаумен де анықталатынын атап өтті.
Қазақстан Халық Кеңесінің Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссияның төрайымы Наринэ Микаелян қоғамдық келісімнің, азаматтық жауапкершіліктің және жалпыұлттық міндеттерді шешуге қоғамның жұмыла қатысуының маңызына назар аударды. Ал ҚР Конституциялық Сотының өкілі Әмір Омаров тарихи тәжірибе мемлекеттік институттардың дәйекті дамуы мен конституциялық қағидаттарды іске асырудың негізі болуы тиіс екенін айтты.
Пікірталасқа ҚР Сыртқы істер министрлігі, Мемлекет тарихы институтының және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері де қатысты. Олардың баяндамалары егемендіктің тарихи дамуы, елдің сыртқы саяси басымдықтары және Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы жас буынның рөлі мәселелерін қамтыды.
Қорытындылай келе, қатысушылар тарихи мұраны сақтаудың, ұрпақтар сабақтастығының және мемлекет, сарапшылар қоғамдастығы мен азаматтар арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның тарихи жолын зерделеу елді дамытудың ұзақмерзімді пайымын қалыптастырудың маңызды шарты екені айрықша атап өтілді.