2026 жылғы 8 қазанда «Аваза» ұлттық туристік аймағында (Түрікменстан) ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Түрікменстанның Теледидар, радиохабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті Қазақ-түрікмен тұрақты медиа кеңесін құру туралы келісімге қол қойды.
Аталған құжат Орталық Азия елдері мен Әзербайжан басшыларының консультативтік басқосуында және ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында бекітілді.
Бұл келісім 2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары кезінде қабылданған достық пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы декларацияны жүзеге асыру жөніндегі кешенді бағдарламаның тағы бір тармағын орындады.
Тараптар бұл қадамды Қазақстан мен Түрікменстанның медиа саласындағы тарихи белес деп бағалады. Келісім қос елдің ортақ ақпараттық кеңістігін дамытуға, өзара контент алмасуға, тұрақты өкілдіктер ашып, хабар тарату желісін жүйелі үйлестіруге жол ашады.
Қазақ-түрікмен тұрақты медиа кеңесін құру туралы келісім — екі елдің БАҚ ынтымақтастығы тарихындағы алғашқы құжат әрі мемлекеттер арасындағы жоғары сенімнің көрінісі.
Келісім аясында жақын уақытта Түрікменстанда қазақстандық Silk Way және Silk Way Cinema халықаралық телеарналары хабар таратады.
Қазақстан Президентінің Телерадиокешені Орталық Азия елдерінің медиа ұйымдарымен және осы салаға жауапты мекемелерімен байланысын кеңейту арқылы өңірдің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыруды көздейді.