Басты бет › Президенттік орталықта оныншы «Абай оқуларының» қорытындысы шығарылды

Президенттік орталықта оныншы «Абай оқуларының» қорытындысы шығарылды

Президенттік орталықта оныншы «Абай оқуларының» қорытындысы шығарылды Президенттік орталықта оныншы «Абай оқуларының» қорытындысы шығарылды Президенттік орталықта оныншы «Абай оқуларының» қорытындысы шығарылды Президенттік орталықта оныншы «Абай оқуларының» қорытындысы шығарылды

ҚР ПІБ Президенттік орталығында ұлы ақын, ойшыл, қазақтың классикалық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған дәстүрлі «Абай оқулары» әдеби байқауының қорытындысы шығарылды. Биыл оныншы рет өткен байқауға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам адам қатысты.

Байқауға балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Ең жас қатысушының жасы – үште. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мамандандырылған оқу орындарының тәрбиеленушілері де Абай мұрасына қызығушылық танытып, өздерінің білімге және шығармашылыққа деген ынтасын көрсетті.

Байқаудың бас жүлдесі Астана қаласындағы №56 «Береке» балабақшасының «Қошақан» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілеріне табысталды.

Мектеп оқушылары арасында Шымкент қаласындағы №8 мамандандырылған гимназияның 10-сынып оқушысы Сүлеймен Аспандияр бірінші орынға ие болды. Ересектер арасында бірінші орынды Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі Әкімшілігінің Әкімшілік ғимараттар дирекциясының ҚР ПІБ қызметкері иеленді.

Өлең оқу мәнерімен, шығармашылық ізденісімен ерекшеленген және жаңашыл жобаларын ұсынған қатысушылар арнайы номинациялар бойынша да марапатталды. Олардың қатарында «Жарық жұлдыз», «Ең кішкентай қатысушы», «Дарынды бала», «Ең талапты қатысушы», «Ізденімпаздығы үшін», «Көркем сөзге ынтасы үшін», «Ерекше образы үшін», «Мәнерлі дауыс иесі», «Өнерге құштарлығы үшін», «Өнер – сөздің патшасы» және «Ұстаздық еткен жалықпас» номинациялары бар.

ҚР ПІБ Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Президенттік орталығы директорының кеңесшісі Серік Сыдықовтың айтуынша, Абайдың шығармашылық мұрасы бүгінгі жаһандану дәуірінде де маңызын жойған жоқ.

«Бүгінде бізді толғандыратын көптеген сауалдың жауабын Абай шығармаларынан табуға болады. Сондықтан оның шығармашылық және зияткерлік мұрасын кеңінен насихаттау – маңызды міндеттердің бірі. Ұлттық сананың дамуына әр сөзімен үлес қосуға ұмтылған ұлы ойшылдардың даналығына жүгіну – баршамызға ортақ парыз», – деді Серік Сыдықов.