Көшедегі ауаның сапасын қадағалауға дағдыланғанбыз, ал үйде немен тыныстайтынымызға көп мән бере бермейміз. Шын мәнінде адам тәулігінің басым бөлігін дәл осы үй-жайда өткізеді. Мұнда ауа мен шаңға өсімдік тозаңы, жануарлар жүні, үй шаңы кенелерінің аллергендері мен зең споралары жиналуы мүмкін.
Үй-жайдағы ауаның күйіне ең алдымен ауа алмасу мен ылғалдылық әсер етеді. Желдету жеткіліксіз болса, бөлшектер ауада ұзағырақ қалқып тұрады, ал жоғары ылғалдылық зеңнің пайда болуына қолайлы жағдай туғызады.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының радиология және аспаптық өлшеулер зертханасының санитариялық дәрігері Қажаберген Нұрланның айтуынша, мамандар микроклимат параметрлері мен желдету жүйелерінің жай-күйіне ерекше назар аударады. Үй-жай ауасында үй шаңы кенелерінің аллергендері, жануарлар жүнінің бөлшектері, зең саңырауқтарының споралары және өсімдік тозаңы кездеседі. Олар шаңда, жиһаз бен тоқыма бұйымдарда ұзақ уақыт сақталады.
Бұл әсіресе гүлдеу маусымында айқын сезіледі. Бөлмені желдетпей болмайды, алайда сырттан кірген ауамен бірге тозаң да енуі мүмкін. Мұндай жағдайда сүзгісі бар ағынды желдету жүйесі сырттан келетін бөлшектердің мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жоғары ылғалдылық та қосымша қауіп төндіреді. Тұрақты дымқыл зеңнің өсуіне жол ашады, ал зең тыныс алу жолдарының сырқат белгілерін, аллергия мен демікпені тудыруы немесе күшейтуі ықтимал. Зең байқалған жағдайда ылғалданудың себебін жою қажет: ол су ағуы, конденсат немесе желдетудің бұзылуы болуы мүмкін.
Мамандар ауа тазартқыштың әмбебап шешім емес екенін де еске салады. HEPA класты сүзгілер ауада қалқып жүрген бөлшектердің едәуір бөлігін ұстап қалады, бірақ беткейлерге қонған аллергендерді жоймайды. Тұрғындарға үйді үнемі ылғалды тәсілмен жинап, сүзгілерді уақтылы ауыстырып, озон бөлетін құрылғыларды пайдаланбауға кеңес беріледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының дерегінше, 2026 жылы мамандар микроклимат параметрлеріне 6 828 аспаптық өлшеу, ал желдету жүйелері жұмысының тиімділігіне 2 445 өлшеу жүргізген. Зерттеулердің мұндай көлемі үй-жайлардың ішкі ортасын бақылауға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Орталық мамандары кешенді тәсілдің ең тиімді екенін атап өтеді. Ластану көздерін жою, жеткілікті ауа алмасу, ылғалдылықты бақылау және ауаны сүзу аллергендердің әсерін азайтып, үй-жайда салауатты орта сақтауға мүмкіндік береді.