ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде белсенді ұзақ өмір сүру, жасқа байланысты аурулардың алдын алу және аға буын өкілдерінің денсаулығын сақтаудың заманауи тәсілдеріне арналған III Ұлттық геронтологиялық конференция өтті.
Конференцияға Еуразиялық геронтология, гериатрия және қартаюға қарсы медицина қауымдастығының президенті Валерий Бенберин, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қауымдастырылған профессоры Ахметжан Сугралиев, ҚР дәрігер-гериатрлар қауымдастығының президенті Аяш Байсұлтанова, сондай-ақ Ұлттық госпиталь дәрігерлері мен Қазақстанның медициналық және білім беру ұйымдарының мамандары қатысты.
Конференцияның ашылуында Ұлттық госпиталь директоры Асхат Бралов кәсіби тәжірибе алмасудың және геронтология саласын одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі медицина өмір сүру ұзақтығын арттырумен ғана шектелмей, ең алдымен адамның денсаулығын, дербестігін және әлеуметтік белсенділігін сақтауға бағытталуы тиіс. Ол үшін мамандардың клиникалық тәжірибесін, ғылыми зерттеулер мен заманауи медициналық технологияларды ұштастыру қажет.
Өз кезегінде Валерий Бенберин қазіргі геронтологияның басты міндеттерінің бірі салауатты әрі белсенді өмір сүру кезеңін ұзарту екенін атап өтті. Оның айтуынша, медицина жетістіктерінің арқасында соңғы онжылдықтарда күтілетін өмір сүру ұзақтығы едәуір артты. Сонымен қатар егде жастағы адамның дене белсенділігіне, дербестігіне және өмір сапасына кері әсер ететін созылмалы әрі қатар жүретін аурулардың таралуы да артып келеді. Когнитивтік бұзылыстар, бұлшықет массасы мен күшінің төмендеуі, тепе-теңдіктің бұзылуы, жүрек-қан тамырлары аурулары, сондай-ақ әлеуметтік жалғыздық мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді.
Валерий Бенберин молекулалық зерттеулер, биоинформатика және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануға негізделген заманауи геронтологияның келешегі зор бағыттарына да тоқталды. Жаңа технологиялар қартаю тетіктерін тереңірек зерттеуге, қауіп себептерін ерте анықтауға және алдын алу мен емдеудің дербестендірілген тәсілдерін дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Конференция барысында мамандар егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтауға қатысты тәжірибелік мәселелерді талқылады. Егде жаста бір адамның бойынан артериялық гипертензия, қант диабеті, остеопороз және басқа да бірнеше созылмалы ауру қатар анықталуы мүмкін. Сондықтан барлық қатар жүретін ауруларды, көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескеретін кешенді әрі пәнаралық тәсіл қажет.Мамандар белсенді ұзақ өмір сүруге егде жасқа жеткеннен кейін емес, әлдеқайда ертерек дайындалу керектігін атап өтті. 40-50 жастан бастап теңгерімді тамақтануға, тұрақты дене белсенділігіне, созылмалы ауруларды бақылауға және ағзадағы анықталған тапшылықтарды уақтылы түзетуге көңіл бөлу маңызды.
Ұлттық госпитальде аға буын өкілдеріне көпсалалы мамандар тобының қатысуымен медициналық көмек көрсетіледі. Денсаулық мектептері өткізіліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ егде жастағы адамдардың туыстары мен оларға күтім жасайтын тұлғаларға ұсынымдар беріледі.
Қазіргі таңда мамандар ұзақ жасаушылар санының оң динамикасын атап өтуде. Өткен жылы бақылаудағы топта 190 адам болса, биыл олардың саны 200 адамға жетті. Оның ішінде 20-ға жуығы 100 жастан асқан адамдар.
III Ұлттық геронтологиялық конференция ғылыми және тәжірибелік білім алмасуға, заманауи технологиялар мен пәнаралық тәсілдерді талқылауға арналған кәсіби алаң болды. Кездесудің негізгі мақсаты өмір сүру ұзақтығын арттырумен қатар, адамның денсаулығын, дербестігін және белсенділігін мүмкіндігінше ұзақ сақтау.