Басты бет › ПЭТ/КТ және радионуклидтік терапия онкологиядағы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуде

ПЭТ/КТ және радионуклидтік терапия онкологиядағы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуде

ПЭТ/КТ және радионуклидтік терапия онкологиядағы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуде ПЭТ/КТ және радионуклидтік терапия онкологиядағы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуде ПЭТ/КТ және радионуклидтік терапия онкологиядағы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуде ПЭТ/КТ және радионуклидтік терапия онкологиядағы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуде ПЭТ/КТ және радионуклидтік терапия онкологиядағы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуде

 

Заманауи ядролық медицина онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынып отыр. ПЭТ/КТ ісік үдерісін анықтап, оның таралуын бағалауға жағдай жасаса, радионуклидтік терапия патологиялық ошақтарға тікелей әсер етуге жол ашады. Осы бағыттардың дамуы туралы ҚР ПІБ МО ауруханасының радиоизотоптық диагностика бөлімінің меңгерушісі Тимур Сәрсенғалиев айтып берді.

ПЭТ/КТ зерттеуі тіндердің анатомиялық өзгерістерімен қатар, олардың метаболизмдік белсенділігін де бағалайды. Бұл әдіс ісік ошақтары мен метастаздарды табуға, аурудың таралу дәрежесін нақтылауға және терапияның тиімділігін саралауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер онкологқа әрі қарайғы емдеу тактикасын дұрыс таңдауға көмектеседі.

Орталықта жыл сайын шамамен 11 мыңға дейін ПЭТ/КТ зерттеуі жүргізіледі. Пациенттер Қазақстанның әр өңірінен келеді. Зерттеу сонымен қатар онкологтың жолдамасы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі.

Сондай-ақ, диагностика мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Қазір Орталықта 11 радиофармацевтикалық препарат қолданылады. Олардың әрқайсысы белгілі бір патологиялық үдерістерді анықтауға бағытталған. Бұл стандартты препараттармен анықтау қиынға соғатын сирек немесе күрделі онкологиялық ауруларды дәл диагностикалауға жағдай жасайды.

Ядролық медицина тек диагностикамен шектелмейді. Орталықта Самарий-153 препараты арқылы сүйектегі метастаздарға радионуклидтік терапия жүргізіледі. Препарат метастаздық ошақтарда жиналып, зақымдалған аймаққа тікелей әсер етеді әрі ауырсынуды азайтады. Әдіс онкологиялық аурудың асқынған түрлері бар пациенттерге кешенді емнің бір бөлігі ретінде қолданылып, олардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Бұл бағыттың дамуы тераностикалық тәсілмен тығыз байланысты. Оның негізінде диагностика мен емдеуді өзара сабақтас біртұтас үдеріс ретінде қарастыру жатыр. Алдымен ісіктің ерекшеліктері нақты анықталып, кейін осы ақпаратқа сүйене отырып, дербес емдеу тәсілі таңдалады. Қазіргі таңда орталықта радиофармацевтикалық препараттардың қолданылу аясы кеңейіп, диагностика мен терапия әдістері үздіксіз жетілдірілуде.

Осылайша, ядролық медицинаның заманауи әдістері онкологиялық көмекті диагностикалаудан бастап емдеу тактикасын таңдауға және оның нәтижесін бағалауға дейінгі бірізді жүйеге айналдырды. ПЭТ/КТ аурудың таралуы мен метаболизмдік белсенділігі туралы маңызды ақпарат берсе, радионуклидтік терапия ісік ошақтарына нысаналы әсер ету мүмкіндігін арттырады.