Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиын барысында қызметтік міндеттерді орындау кезінде заңдылық пен адалдық қағидаттарын сақтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мәселелері талқыланды.
Кездесуге мемлекеттік қызметшілер, ведомстволық бағынысты ұйымдардың бірінші басшылары мен орынбасарлары, комплаенс-офицерлер, әдеп жөніндегі уәкілдер, кадр қызметі және мемлекеттік сатып алуға жауапты мамандар қатысты. Соынмен қатар онлайн форматында Астана қаласынан тыс орналасқан ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қосылды.
Түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаменті директорының орынбасары Нұржан Үзбеханов және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат басқармасының бас консультанты Асхат Мунтынов арнайы шақырылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Негізгі назар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының салдарымен күресуге ғана емес, оларды алдын ала болдырмауға бағытталған тәсілдерге аударылды.
Нұржан Үзбехановтың айтуынша, 2026 жылғы 12 маусымда күшіне енген №311-VIII Заң сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтап, оларды құқық бұзушылыққа жол бермей тұрып жоюға басымдық береді. Бұл тәсіл аясында ұйымдар тәуекелдерді ерте кезеңде анықтап, ішкі рәсімдерді нақтылап, жауапкершілік шегін белгілеуі қажет.
Спикер сонымен қатар бір ұйымда туыстардың бірге жұмыс істеуіне заң автоматты түрде тыйым салмайтынын атап өтті. Мұндай жағдайларда құқықтық маңызы бар нақты мән-жайлар бағаланады. Егер заңнама талаптарының бұзылғаны анықталса, оны ерікті түрде жою үшін үш ай мерзім беріледі.
Жиын барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқару, қызметтік шектеулерді сақтау және заң талаптарын күнделікті жұмыста қолдану мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
Кездесу қорытындысында қызметтік міндеттерді адал орындау, заңдылық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын сақтау сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі екені атап өтілді.