Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтуде. ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы мен Ұлттық госпиталінің мамандары пациенттерге консультация беріп, жоғары технологиялық операциялар жасауда. Сондай-ақ өңірдің медицина қызметкерлері үшін практикалық және білім беру іс-шараларын өткізуде.
Негізгі іс-шаралар Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасы мен Ақтаудағы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының базасында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және мамандар арасында практикалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Жаңаөзенде Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері нейрохирургия және аритмология бағыттары бойынша консультациялар беріп, операциялар жасауда. Нейрохирург Исламбек Мұсабеков ми қан тамырлары патологиялары кезінде аз инвазивті әдістерді қолдана отырып, операциялар жасайды. Аритмолог дәрігер Шалқар Смағұлов электрокардиостимуляторларды имплантациялап, пациенттерге консультация береді. Ақтауда тамыр хирургі Сырым Әшір аяқ қан тамырларындағы қан айналымын қалпына келтіру бойынша операциялар жасайды.
«Сапарымыздың негізгі міндеттерінің бірі – нейрохирургиялық көмектің заманауи әдістерін өңір тұрғындары үшін қолжетімді ету және жергілікті мамандармен тәжірибе алмасу. Интервенциялық әдістер арнайы микрокатетерлерді пайдалану арқылы миға ашық операция жасамай-ақ, қан тамырлары патологияларын аз инвазивті тәсілмен емдеуге мүмкіндік береді. Бұл пациенттердің тезірек қалпына келуіне ықпал етеді және инсульттің алдын алуда маңызды рөл атқарады», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі Исламбек Мұсабеков.
Медициналық орталық күндерінің жеке бағыты өңірдегі медицина қызметкерлеріне практикалық тәжірибе беруге арналған. Медициналық орталық ауруханасының мамандары гастроэнтерология, эндокринология, пульмонология және кәсіби даму мәселелері бойынша білім беру іс-шараларын өткізуде.
Ұлттық госпиталь командасы инфекциялық бақылау және мейіргер ісі бойынша практикалық іс-шаралар өткізуде. Бағдарламаға госпитальдық эпидемиологтың қатысуымен клиникалық аралау, мейіргерлік сараптамалық аралау және пациенттерге күтім жасаудың заманауи тәсілдері бойынша оқыту енгізілген. Реаниматолог дәрігерлер үшін ауыр пневмония және жедел респираторлық дистресс-синдромы бар пациенттерді жүргізу, сепсисті диагностикалау және емдеу бойынша сабақтар да ұйымдастырылды.
«Біз үшін сапалы мейіргерлік күтімді қамтамасыз етумен қатар, пациентке төнуі ықтимал қауіптерді алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін тәсілдерді әріптестерімізбен бөлісу де маңызды. Пациенттің жағдайын медициналық ұйымға түскен сәттен бастап бағалау профилактикалық шараларды уақтылы қабылдауға және емдеу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің терапиялық қызметінің мейіргер ісі жөніндегі менеджері Мадина Кенжебекова.
Бағдарламаға Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мен Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы да қосылды. Мамандар биологиялық қауіпсіздік, зертханалық диагностика, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі бойынша сабақтар өткізуде. Өңірдегі медициналық ұйымдардың басшылары үшін тиімді басқару мәселелеріне арналған Денсаулық сақтау саласындағы топ-менеджерлер мектебі ұйымдастырылды.
Медициналық орталық күндері пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді өңір мамандарының практикалық даярлығымен ұштастыруға мүмкіндік береді. Операциялар мен консультацияларды өткізу және мамандарды тікелей облыстың медициналық ұйымдары базасында оқыту диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін өңірлік денсаулық сақтау саласының күнделікті тәжірибесіне енгізуге ықпал етеді.