Басты бет › Президенттік орталықта атом ғылымына арналған халықаралық конференция өтті

Президенттік орталықта атом ғылымына арналған халықаралық конференция өтті

Президенттік орталықта атом ғылымына арналған халықаралық конференция өтті Президенттік орталықта атом ғылымына арналған халықаралық конференция өтті Президенттік орталықта атом ғылымына арналған халықаралық конференция өтті

ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстанның атом саласы қызметкерлері күніне орай «Болашақ атомы» атом ғылымы мен технологияларына арналған халықаралық конференция өтті.

Іс-шараны ҚР Президенттік орталығы мен ҚР Атом энергиясы агенттігі ұйымдастырды. Конференцияға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми институттар мен сала кәсіпорындарының өкілдері, сондай-ақ ғалымдар, сарапшылар және студенттерден құралған 100-ге жуық адам қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы – атом саласының болашағы және оны дамытуға қажетті мамандарды даярлау. Қатысушылар ғылым мен технология, қауіпсіздік, кадр даярлау және отандық әзірлемелерді тәжірибеде қолдану мәселелерін талқылады.

«Атом энергетикасын дамыту қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын, заманауи ғылыми-технологиялық базаны және кәсіби кадрларды талап етеді. Бүгінде жас ғалымдар, инженерлер мен мамандардың жаңа буыны атом энергетикасының болашағын қалыптастыратын негізгі күшке және оның кепіліне айналып отыр», – деді ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясына тоқталып, ұзақ мерзімді жоспарлау, сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыру және кадр даярлаудың маңызын атап өтті.

«Қазақстанның атом саласы бүгін: төрт қыр» атты сараптамалық сессия барысында спикерлер ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және ядролық технологияларды дамыту мәселелерін талқылады.

Баяндама жасағандар қатарында Біріккен ядролық зерттеулер институты, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, «ҚАЭС» ЖШС, ҚР Атом энергиясы агенттігі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және атом саласының басқа да ұйымдарының өкілдері болды.

Сарапшылардың баяндамаларынан кейін конференция интерактивті форматқа ұласты. «Қазақстанның атом саласын кім қалыптастырады?» атты диалог пен «Атом маманына сұрақ» ашық микрофоны барысында жас зерттеушілер мен студенттер сала сарапшыларына тікелей сұрақ қойып, нақты әрі кәсіби жауаптар алды.

Халықаралық конференция соңында қатысушылар мұндай кездесулердің ғылыми және өндірістік байланыстарды нығайтып, ортақ шешімдер әзірлеу үшін маңызы зор екенін атап өтті.