26 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы жүйесінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы кезекті экологиялық акцияға қатысты. Сенбіліктер Астана мен Алматы қалаларында қатар өтті.
Елордада аумақты тазалауға 110 қызметкер қатысты. Олардың қатарында ҚР ПІБ қарасты Медициналық орталығының ауруханасы, ҚР Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаменті Әкімшілік ғимараттар дирекциясы, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы және Парламентаризм институтының қызметкерлері бар. Тазалық жұмыстары Қорғалжын тасжолының маңындағы Е-127 көшесінің бойында жүргізілді. Қатысушылар тұрмыстық қоқысты, қураған шөп пен түскен жапырақтарды жинап, жаяу жүргіншілер жолдары мен оған іргелес аумақтарды ретке келтірді.
Алматыда сенбілікке Совминка қызметінің 40 қызметкері қатысты. Олар «Солтүстік» саябағы мен оған іргелес аумақты қоқыс пен қураған өсімдіктерден тазартты.
Сенбілік барысында барлығы 200-ден астам қап қоқыс жиналды.
ПІБ жүйесі ұйымдарының «Таза Қазақстан» бастамасына қатысуы аумақтарды абаттандыру және санитариялық тазалықты қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Бұл жұмыс қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және тазалық пен тәртіпті күнделікті дағдыға айналдыруға бағытталған.
Айта кетейік, жыл басынан бері ПІБ жүйесінде 24 экологиялық акция өткізіліп, оған 6,7 мыңнан астам адам қатысты. Акциялар барысында шамамен 6 мың қап қоқыс жиналды.