Басты бет«Шежіреден – болашаққа»: деректі фильмдер Жетісу көрермендерін біріктірді

«Шежіреден – болашаққа»: деректі фильмдер Жетісу көрермендерін біріктірді

«Шежіреден – болашаққа»: деректі фильмдер Жетісу көрермендерін біріктірді «Шежіреден – болашаққа»: деректі фильмдер Жетісу көрермендерін біріктірді «Шежіреден – болашаққа»: деректі фильмдер Жетісу көрермендерін біріктірді

Ел тарихы үлкен экранда көрсетіліп, халық жадында сақталған оқиғалар қайта жаңғырды. Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған «Шежіреден – болашаққа» республикалық кинолекториясының кезекті көрсетілімі өтті.

City Plus кинотеатрында көрермен назарына «ARAL», «Серт», «Қуатты Серіктес» және «Құлалы аралының адамы» атты төрт деректі фильм ұсынылды. Туындының әрқайсысында Қазақстан тарихы адам тағдыры, маңызды оқиғалар мен сол кезеңнің шынайы куәліктері арқылы баяндалады.

Көрсетілімнен кейін фильмдерге қатысты пікірталас ұйымдастырылды. Қатысушылар деректі киноның ерекшелігімен қатар, тарихи оқиғаларды оқулықтан оқығаннан гөрі, сол кезеңді көзбен көрген кадрлар мен адамдардың естеліктері арқылы қабылдаудың айырмашылығы туралы ой бөлісті.

Жетісу облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мади Шәкенов кинолекторийдің тарих пен қоғам мәселелерін ашық талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.

«Деректі кино әр көрерменге ой салып, оны талқылауға жетелейді. Сондай-ақ ұлттық жадымызды қалыптастырған оқиғаларға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Бұл фильмдердің жас ұрпаққа ұсынылуы аса маңызды. Деректі кадрлар арқылы тарих жақындай түсіп, өткен оқиғалар жаңа қырынан танылады», – деді Мади Шәкенов.

Президенттің Телерадиокешенінің деректі фильмдері ондаған жыл бойы еліміздің визуалды тарихын сақтап келеді. Кешен мұрағатында Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне, халықаралық сапарларға, жоғары деңгейдегі кездесулерге және басқа да маңызды оқиғаларға қатысты тарихи кадрлар жинақталған.

«Шежіреден – болашаққа» республикалық кинолекториясы осы уақытқа дейін Қазақстанның 20 қаласында көрерменге жол тартты. Талдықорғандағы көрсетілімнен кейін жоба Қонаев қаласында жалғасады. Ауқымды кинолекторий 24 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.