Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының 1000-нан астам қызметкері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен республикалық сенбілікке қатысты.
Астанадағы негізгі орындардың бірі Нұра-Есіл арнасының жағалауы болды. «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында ҚР ПІБ орталық аппаратының, Автошаруашылық пен Әкімшілік ғимараттар дирекциясының қызметкерлері жағалау мен оған іргелес аумақтарды тұрмыстық қоқыстан, қураған өсімдіктерден және жиналып қалған қалдықтардан тазартты.
Алматыда Әкімшілік ғимараттар дирекциясының филиалы мен «Оқжетпес Алматы» қызметкерлері Тынышбаев және Ержанов көшелерінің бойындағы аумақтарды ретке келтірді.
Республикалық сенбілікке басқа да ведомстволық бағынысты ұйымдардың ұжымдары қосылды. Бекітілген аумақтарда акцияға қатысушылар қураған ағаштар мен түскен жапырақтарды жинап, ағаш отырғызды, ағаш діңдерін әктеді, шағын сәулет нысандарын сырлады, жаяу жүргіншілер аймақтары мен қоғамдық кеңістіктерді тазартты. Сенбілік қорытындысы бойынша 700-ден астам қап қоқыс жиналды.
Республикалық сенбілікке қатысу ҚР ПІБ ұйымдарының «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жүйелі жұмысының жалғасы болды. Жыл бойы ұжымдар тазалықты сақтау және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған экологиялық акцияларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
Жыл басынан бері ҚР ПІБ жүйесінің қызметкерлері 23 экологиялық акция өткізіп, оған 6,5 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде шамамен 5,8 мың қап қоқыс жиналды.