МРТ қорытындысында омыртқааралық диск жарығының анықталуы бірден операция жасау қажет дегенді білдірмейді. Көп жағдайда ем консервативті тәсілдерден басталады. Ал хирургиялық араласу туралы шешім науқастың шағымдары, неврологиялық жағдайы және аурудың даму барысы жан-жақты бағаланғаннан кейін қабылданады.
Үдемелі неврологиялық бұзылыстар болмаса, науқасқа консервативті ем тағайындалуы мүмкін. Оның құрамына дәрі-дәрмекпен емдеу, емдік дене шынықтыру, дене жүктемесін реттеу және оңалту шаралары кіреді. Бұл ретте МРТ нәтижесі жеке қарастырылмай, науқастың клиникалық жағдайымен бірге бағаланады.
«Біз МРТ суретін емес, науқастың өзін емдейміз. Сондықтан шешім МРТ нәтижесіне ғана емес, науқастың шағымдарына, неврологиялық жағдайына және аурудың даму барысына сүйене отырып қабылдануы керек. Тек кешенді бағалаудан кейін ғана әрі қарайғы емдеу тактикасын айқындауға болады», – дейді ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі Ардақ Ахмадиев.
Ауырсыну басылмаса, консервативті ем нәтиже бермесе немесе неврологиялық бұзылыстар пайда болса, операция жасау мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар шұғыл медициналық көмекті қажет ететін қауіпті белгілер де бар. Оларға қол немесе аяқтағы әлсіздіктің күшеюі, сондай-ақ екі аяқтың қатар әлсіреуі жатады.
Медициналық орталық ауруханасында омыртқа ауруларын емдеуде микрохирургиялық және эндоскопиялық технологиялар кеңінен қолданылады. Бел омыртқасындағы диск жарығы кезінде операция шағын тілік арқылы эндоскопиялық әдіспен жасалуы мүмкін. Хирургиялық емдеу тәсілі жарықтың орналасуы мен сипатына, омыртқа өзегінің жағдайына және басқа да клиникалық факторларға байланысты әр науқасқа жеке таңдалады.
Соңғы екі жылда Медициналық орталық ауруханасының мамандары омыртқаға 300-ден астам эндоскопиялық операция жасады. Асқынусыз өткен операциялардан кейін науқастардың көпшілігі сол күні немесе келесі тәулікте жүре бастайды. Ал жұмысқа және дене жүктемесіне оралу мерзімі науқастың жалпы жағдайына, операцияның түріне және жасалған емнің сипатына байланысты.
Операциядан кейінгі қалпына келудің маңызды бөлігі – дене белсенділігіне біртіндеп оралу. Науқастар дәрігердің ұсыныстарын орындап, дене жүктемесін біртіндеп арттырып, арқа мен дене бұлшықеттерін нығайтуы қажет. Мұндай тәсіл қалпына келуге көмектесіп, диск жарығының қайта пайда болу қаупін азайтады.