Басты бетПрезидент Телерадиокешені мен ағылшын тіліндегі ең көне The Korea Times басылымы медиасеріктестік...

Президент Телерадиокешені мен ағылшын тіліндегі ең көне The Korea Times басылымы медиасеріктестікті дамытуға уағдаласты

Президент Телерадиокешені мен ағылшын тіліндегі ең көне The Korea Times басылымы медиасеріктестікті дамытуға уағдаласты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында бүгін Президент Телерадиокешені мен ағылшын тіліндегі ең көне The Korea Times басылымы арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті. 

Ақпараттық және талдамалық материалдармен тұрақты түрде алмасу, контентті өзара ілгерілету, сондай-ақ бірлескен медиажобаларды жүзеге асыру серіктестіктің негізгі бағыттары болады.

Меморандум The Korea Times аудиториясына Қазақстан туралы ақпаратты тікелей дереккөзден алуға мүмкіндік берсе, ҚР Президенті Телерадиокешенінің көрермендері мен оқырмандары Оңтүстік Кореяда мен Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі оқиғалар туралы эксклюзивті талдамалық материалдарға қол жеткізе алады.

Кездесу барысында Президент Телерадиокешені өкілдері ТРК үшін беделді шетелдік медиамен тұрақты әрі орнықты серіктестік байланыстарын орнатудың маңызды екенін атап өтті.

Президент Телерадиокешені мен The Korea Times арасындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, өзекті медиажобаларды әзірлеуге және екі халықтың бір-бірі туралы терең түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналады.

The Korea Times президенті О Ён Чжиннің айтуынша, жаңа уағдаластық Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететін практикалық ынтымақтастықтың маңызды негізі болмақ.

"Қазақстан мен Корея Республикасы экономикадан бастап мәдени-гуманитарлық алмасуларға дейінгі түрлі бағыттарда стратегиялық серіктестік қалыптастырып келеді. Ал бүгінде Қазақстан-Корея байланыстарын, соның ішінде медиа саласындағы серіктестікті дамыту үшін жаңа перспективалар мен үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр", — деп атап өтті О Ён Чжин.

Меморандумға қол қою Президент Телерадиокешені қызметінің халықаралық бағытын дамыту жолындағы кезекті қадамға айналды.


Айта кетейік, қазіргі уақытта ҚР Президенті Телерадиокешенінің халықаралық серіктестік желісіне әлемнің әртүрлі өңірлерінен шамамен 70 шетелдік медиа құрылым кіреді. Олардың қатарында CMG, ТАСС, Al Jazeera, Yonhap, Kyodo, Jiji Press, Agenzia Nova, Anadolu Agency, ANI, Associated Press of Pakistan, БРИКС ТВ және басқа да БАҚ-тар бар.