«Таза Қазақстан» аясында Астана мен Бурабайда кезекті сенбілік өтті. 22-ші экологиялық акцияға 240-қа жуық адам қатысып, қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартты.
Астанада ҚР ПІБ Медициналық орталығының, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының және Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің Әкімшілік ғимараттары дирекциясының қызметкерлері Хусейн бен Талал көшесін қиып өтетін су арнасының аумағын тазалады.
Бурабайда тазалық жұмыстары бірнеше учаскеде жүргізілді. «Бурабай даму» ЖШС қызметкерлері мультимедиялық интерактивті кешеннің артындағы орман алқабын қоқыстан тазартты. Ал «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ ұжымы шипажайға іргелес аумақта санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік барысында тұрмыстық және құрылыс қалдықтары, құрғақ бұтақтар және басқа да қоқыстар жиналды. Нәтижесінде шамамен 300 қап қоқыс шығарылды.
ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымдар «Таза Қазақстан» бастамасына тұрақты қатысып отыр. Жыл басынан бері Астана, Алматы және Бурабайда өткен экологиялық акцияларға 5,5 мыңнан астам адам қатысып, 5,1 мыңнан астам қап қоқыс жиналды.