Басты бетБариатриялық хирургия – Медициналық орталық ауруханасындағы семіздікті кешенді емдеудің маңызды б...

Бариатриялық хирургия – Медициналық орталық ауруханасындағы семіздікті кешенді емдеудің маңызды бағыты

Бариатриялық хирургия – Медициналық орталық ауруханасындағы семіздікті кешенді емдеудің маңызды бағыты Бариатриялық хирургия – Медициналық орталық ауруханасындағы семіздікті кешенді емдеудің маңызды бағыты

Семіздік – жай ғана артық салмақ емес, адамның денсаулығы мен өмір сапасын төмендететін созылмалы дерт. Ол 2-типті қант диабеті, артериялық гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары, ұйықы кезіндегі дем тоқтауы, бауырдың майлануы және буын патологиялары сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Егер дұрыс тамақтану, дене белсенділігі мен дәрі-дәрмек терапиясы нәтиже бермесе, тиісті медициналық көрсетілімдер бойынша емнің тиімді жолы ретінде бариатриялық хирургия қарастырылады.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында бұл бағыт семіздікке шалдыққан пациенттерге кешенді көмек көрсету жүйесінің ажырамас бөлігі. Ауруды емдеудің заманауи мүмкіндіктері мен хирургиялық тәсілдері туралы осы ауруханада 11 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан хирург Антон Ли айтып берді. Маман бариатриялық хирургияға 2017 жылы тереңірек бет бұрған. Бүгінде ол біліктілігін үздіксіз арттырып, халықаралық алқалы жиындар мен тәжірибе алмасу шараларына тұрақты қатысып келеді.

«Бариатриялық хирургия – бұл салмақ тастауға арналған жай ота емес. Емдеу тәсілін таңдағанда біз ең әуелі пациенттің жалпы денсаулығын, жанама ауруларын және бұған дейін салмақ тастауға жасаған әрекеттерін жан-жақты бағалаймыз. Кешенді тексерістен кейін ғана ота жасаудың қажеттілігі мен қай әдістің ең оңтайлы екені анықталады», – дейді Антон Ли.

Заманауи бариатриялық хирургияда түрлі әдістер қолданылады. Алайда барлық пациентке бірдей келетін әмбебап шешім жоқ. Ауруханада хирургиялық емдеу тәсілі медициналық көрсетілімдер мен пациент ағзасының ерекшеліктерін ескере отырып, әркімге жеке таңдалады.
Бариатриялық ота 18 бен 65 жас аралығындағы пациенттерге жасалады. 2026 жылдың басынан бері аурухана мамандары осындай төрт операцияны сәтті орындады.

Бұл ретте ота жасау – емдеу үрдісінің бастапқы кезеңі ғана. Одан кейін пациентке ұзақ мерзімді дәрігерлік бақылау, тамақтану мен дене жүктемесі жөніндегі кеңестерді бұлжытпай орындау, қажет болған жағдайда ағзадағы дәрумендер мен микроэлементтер тапшылығын қалпына келтіру қажет.

Емдеудің басты мақсаты – тек салмақты азайту емес, сонымен қатар денсаулықты жақсарту, жанама аурулардың бетін қайтару және қол жеткізген нәтижені ұзақ уақыт бойы сақтау. Сол себепті де Медициналық орталық ауруханасында бариатриялық хирургия – семіздікті емдеудің маңызды бөлігі. Ол тек ота жасаумен шектелмей, пациентке кейін де жан-жақты дәрігерлік қолдау көрсетуді қамтиды.