Басты бетҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасындағы заманауи хирургия: пациенттер күнделікті өміріне бұры...

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасындағы заманауи хирургия: пациенттер күнделікті өміріне бұрынғыдан да тез оралады

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасындағы заманауи хирургия: пациенттер күнделікті өміріне бұрынғыдан да тез оралады

Бұрын операция жасатқан пациенттің аурухана төсегінде апталап жатуына тура келетін. Ал бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында қолданылатын озық әдістердің арқасында емделушілердің стационарда болу мерзімі орта есеппен 3-5 күннен 1-2 күнге дейін қысқарды.

Жалпы хирургия саласының қалай түрленіп жатқаны және бұл оңайлатылған оңалту үдерісінің сыры неде екені туралы Жалпы хирургия бөлімшесінің хирургі Антон Ли айтып берді.

Оның сөзінше, заманауи хирургия ота жасаудан емес, дәл әрі нақты диагноз қоюдан басталады. Пациенттер ең алдымен кезең-кезеңімен жан-жақты тексерістен өтеді. Тек содан кейін ғана мамандар тексеріс нәтижелеріне сүйене отырып, емдеудің ең тиімді әрі қауіпсіз тәсілін таңдайды.
Жалпы хирургия өте кең сала болғандықтан, уақыт өте келе әр дәрігер белгілі бір бағытқа бейімделеді. Антон Ли үшін осындай басты бағыттардың бірі – семіздікке қарсы ота жасайтын бариатриялық хирургия.

Заманауи бариатриялық хирургияның мақсаты артық салмақтан арылтумен ғана шектелмейді. Көп жағдайда мұндай операциялар ағзадағы зат алмасуды реттеп, созылмалы аурулардың да бетін қайтаруға мүмкіндік береді.

Ауруханада операциядан кейінгі оңалту кезеңіне де ерекше мән беріледі. ҚР ПІБ МО ауруханасында бұл үдеріс толыққанды емдеудің ажырамас бөлшегі саналады. Бұл ретте оңалту және қалпына келдтірудің әр бағдарламасы пациенттің денсаулық жағдайы мен өмір салтына қарай жеке құрылады.

Заманауи диагностика, әр адамға жеке көзқарас және дұрыс жоспарланған оңалту жүйесі пациенттердің ауруханада ұзақ жатпай, қалыпты өмірге тезірек оралуына әрі операциядан кейінгі асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.