ҚР Президенттік орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың, азаматтық қоғам мен сарапшылар ортасының 40-тан астам өкілі қатысты.
Іс-шараны аша отырып, ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат Семей полигонының жабылуы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды шешімдердің бірі әрі еліміздің жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қосқан елеулі үлесі болғанын атап өтті.
«Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет болды және жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшыларының бірі мәртебесіне лайықты түрде ие болды», – деп атап өтті Бақытжан Темірболат.
Қатысушылар полигонның жабылуының тарихи маңызын, ядролық сынақтардың зардаптарын, «Невада – Семей» қозғалысының рөлін, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану салаларындағы қазіргі ұстанымдарын талқылады.
ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин полигон жабылғаннан кейінгі жылдары Қазақстан сынақ инфрақұрылымын жою және аумақты радиациялық-экологиялық зерттеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарғанын атап өтті.
Кездесу барысында сондай-ақ «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының, дипломатиялық корпустың, ғылыми қауымдастықтың және бейінді ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар ядролық сынақтардың зардаптары туралы тарихи жадыны сақтаудың, халықаралық ынтымақтастықты дамытудың және Қазақстанның ядролық қарусыздану мен жаһандық қауіпсіздік идеяларын одан әрі ілгерілетуінің маңыздылығын атап өтті.