Басты бетЖетісу облысында ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өтуде

Жетісу облысында ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өтуде

Жетісу облысында ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өтуде Жетісу облысында ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өтуде Жетісу облысында ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өтуде

Осы жылдың 26 тамызында Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері басталды. Іс-шара Талдықорған қаласындағы Облыстық аурухананың базасында өтіп жатыр. Медициналық орталықтың жетекші мамандары екі күн бойы пациенттерге кеңес беріп, күрделі хирургиялық операциялар жасайды. Сондай-ақ өңірдің медицина қызметкерлері үшін шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізіп, клиникалық жағдайларды талдайды.
 
Бағдарлама аясында заманауи нейрохирургиялық және эндоваскулярлық шаралар жасау, оның ішінде ми қан тамырлары аневризмасын эмболизациялау, қан тамырларына ангиопластика және стенттеу жүргізу, сондай-ақ лапароскопиялық операциялар өткізу жоспарланған.

Атап өтерлігі, нейрохирургиялық бағытқа ерекше көңіл бөлінбек. Медициналық орталық күндеріне нейрохирургия саласында мол практикалық тәжірибесі бар ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің жоғары санатты нейрохирург дәрігері Мақсат Мұсабеков қатысады. Жетісу өңіріне мұндай мамандардың келуі кәсіби білім алмасуға және аймақтағы мамандандырылған медициналық көмекті дамытуға ықпал етеді.

Медициналық орталық мамандары аймақтың медицина қызметкерлері үшін презентациялар мен семинарлар өткізіп, клиникалық жағдайларды талдайды. Негізгі тақырыптар нейрохирургияның заманауи әдістерін, ішті жедел диагностикалау мен емдеуді, сепсис пен сепсистік шокты, ядролық медицина мен тераностиканың мүмкіндіктерін, сондай-ақ семіздік пен метаболизмдік ауруларды емдеудің өзекті мәселелерін қамтиды.

Осылайша, Медициналық орталық күндері халыққа нақты медициналық көмек көрсету мен өңір мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруды ұштастырады. Мұндай формат заманауи медициналық араласуларды өңірде тікелей жүргізуге, тәжірибе алмасуға әрі дәрігерлерді диагностика мен емдеудің өзекті әдістерімен таныстыруға мүмкіндік береді.

Жетісу облысы биыл ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндерін қабылдаған еліміздің тоғызыншы өңірі болып отыр. Алдағы қыркүйекте Медициналық орталық мамандарының Қарағанды облысына сапары жоспарланған.