ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Қалпына келтіру емі және оңалту орталығында заманауи роботталған жүйелер пациенттердің жүру дағдыларын, қолдың буыны мен саусақтардың қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл технологиялар дәрігердің бақылауымен жеке оңалту бағдарламасына енгізіліп, басқа да емдеу әдістерімен бірге қолданылады.
Медициналық орталық ауруханасында оңалту неврологиялық, травматологиялық және кардиологиялық бағыттар бойынша жүргізіледі. Орталық мамандары әр пациенттің жағдайы мен мүмкіндігін ескере отырып, жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Оған емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж, эрготерапия және бейінді мамандардың көмегі кіреді.
Маңызды бағыттардың бірі – жүру дағдыларын қалпына келтіру. Бұл үшін орталықта Lokomat роботталған жүйесі қолданылады. Аппарат өздігінен жүріп-тұра алмайтын пациенттерге де жаттығуға мүмкіндік береді. Ол қажетті деңгейде қолдау көрсете отырып, дұрыс қозғалысты бірнеше рет қайталауға көмектеседі.
Қол мен саусақтардың қимыл-қозғалысын қалпына келтіру үшін аурухана мамандары Amadeo жүйесін пайдаланады. Сонымен қатар орталықта қол функцияларын қалпына келтіруге арналған Gloreha аппараты сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл ретте роботталған жүйе дәрігерді алмастырмайды. Ол маманның бақылауымен пациенттің жаттығуларды дұрыс әрі тиімді орындауына көмектеседі.
«Робот пациенттің барлық жұмысын өзі атқармайды. Оның белсенді қатысуы маңызды. Жүйе дұрыс қозғалысты орындауға және оны бірнеше рет қайталауға көмектеседі. Пациенттің жағдайы жақсарған сайын аппараттың көмегі де біртіндеп азаяды», – деп түсіндіреді Медициналық орталық ауруханасының реабилитолог дәрігері Эдуард Варушкин.
Маман пациенттің жағдайын бағалап, оңалтудың мақсатын анықтайды. Қажетті жүктемені таңдайды және қалпына келу динамикасын бақылайды. Роботталған жаттығулар пациенттің жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, кешенді оңалту бағдарламасының құрамында жүргізіледі.
«Ең бастысы – пациенттің аппараттағы жаттығуды қаншалықты жақсы орындағаны емес, оның күнделікті өмірінде қандай өзгеріс болғаны. Ол өздігінен тұра ала ма, жүре ала ма, қолын пайдалана ала ма, бұрынғыдай күнделікті әрекеттерін орындай ала ма – біз үшін маңыздысы осы», – деп атап өтті Эдуард Варушкин.
Заманауи технологиялар Медициналық орталық ауруханасының мамандарына қалпына келу үдерісін дәлірек, қарқынды әрі жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.