Басты бетҚР ПІБ МО СЭСО зертханасы қызамықты дер кезінде анықтауға көмектеседі

ҚР ПІБ МО СЭСО зертханасы қызамықты дер кезінде анықтауға көмектеседі

ҚР ПІБ МО СЭСО зертханасы қызамықты дер кезінде анықтауға көмектеседі

Қызамық - ауа-тамшы жолымен таралатын және көп жағдайда жеңіл өтетін вирустық инфекция. Ауру дене қызуының аздап көтерілуімен, бөртпенің пайда болуымен және лимфа түйіндерінің ұлғаюымен сипатталуы мүмкін. Алайда қызамық жиі анықталмай қалады. Өйткені адам бөртпе пайда болғанға дейін-ақ инфекция жұқтыруы мүмкін, ал ауру белгілері басқа вирустық инфекциялардың белгілеріне ұқсас келеді.

Қызамық жүкті әйелдер үшін аса қауіпті. Жүктіліктің алғашқы кезеңінде жұқтырған жағдайда вирустың құрсақтағы нәрестеге берілу қаупі 90%-ға дейін жетеді. Инфекция түсік тастауға, нәрестенің шетінеуіне немесе дамудың ауыр бұзылыстарымен сипатталатын туа біткен қызамық синдромына әкелуі мүмкін.

Сондықтан қызамыққа күдік туындаған жағдайда ауруды тек клиникалық белгілеріне қарап анықтау жеткіліксіз. Диагноз міндетті түрде зертханалық зерттеулер арқылы расталуы қажет.

Қызамықтың зертханалық диагностикасын Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасының мамандары жүргізеді. Зерттеу үшін пациенттен веналық қан алынады. Зертханада алынған үлгі иммуноферменттік талдау (ИФТ) әдісімен зерттеліп, қызамық вирусына қарсы IgM және IgG кластарына жататын арнайы антиденелер анықталады.

Бұл зерттеу ағзаның вирусқа қарсы иммундық жауабын бағалауға мүмкіндік береді. IgM антиденелерінің анықталуы жедел немесе жуырда жұқтырылған инфекцияны көрсетуі мүмкін. Ал IgG антиденелері бұрын қызамықпен ауырғанын немесе вакцинациядан кейін иммунитет қалыптасқанын білдіруі ықтимал. Зерттеу нәтижелерін дәрігер клиникалық көріністерді және басқа да деректерді ескере отырып бағалайды.

«Зерттеулер заманауи жоғары технологиялық жабдықтарда білікті мамандардың қатысуымен жүргізіледі. Талдау нәтижелері дәрігер мен пациентке әрі қарайғы бақылау және емдеу тактикасын дер кезінде айқындауға мүмкіндік беретін сенімді ақпарат ұсынады», - дейді ҚР ПІБ МО СЭСО аса қауіпті бактериялық және вирустық инфекциялар зертханасының меңгерушісі Сания Сәрсенғалиева.

ҚР ПІБ МО СЭСО зертханасының қызметі санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Мамандар биологиялық материалды зерттеп, инфекцияны растауға немесе жоққа шығаруға, сондай-ақ ағзада иммунитеттің бар-жоғын бағалауға мүмкіндік беретін деректер алады. Бұл клиникалық белгілер пациенттің жағдайын нақты бағалауға жеткіліксіз болған кезде ерекше маңызға ие.

Қызамықтың алдын алудың негізгі әрі тиімді тәсілі - вакцинация. Жоспарлы иммундау 1 және 6 жаста жүргізіледі. Сонымен қатар қызамықпен ауырмаған, бұрын екпе алмаған немесе тек бір рет егілген 18-25 жас аралығындағы жігіттер мен қыздар қосымша вакцинациядан өтеді.

Вакцинацияны, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды және заманауи зертханалық диагностиканы ұштастыру қызамықтың таралу қаупін азайтуға және халықтың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

ҚР ПІБ МО СЭСО зертханасы мамандарының жұмысы инфекция мен иммунитет туралы сенімді деректерді дер кезінде алуға жағдай жасайды. Бұл жұқпалы аурулардың алдын алуда, әсіресе жүкті әйелдер мен болашақ сәбилердің денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.