Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мамандары ата-аналардың назарын мектеп формасының қауіпсіздігі мәселесіне аударады.
Мектеп киімі баланың терісімен күніне 6–8 сағат бойы тікелей жанасады. Сондықтан оны өндіру мен өткізу барысында қолданылатын материалдардың сапасы, олардың химиялық құрамы және белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі ерекше маңызға ие болады.
СЭСО өнім мен материалдарға зертханалық зерттеулер жүргізеді, бұл олардың санитариялық нормалар мен техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін анықтауға мүмкіндік береді. Орталық мамандары үлгілерді белгіленген көрсеткіштер бойынша зерттеп, өнімнің қауіпсіздігін бағалауда маңызы бар заттардың бар-жоғын анықтай алады.
Атап айтқанда, мектеп формасын таңдау кезінде мамандар мата құрамына назар аударуды ұсынады. Жапсырмада сыртқы мата мен астардың талшық түрі және пайыздық құрамы көрсетілуі тиіс. Күнделікті киім үшін жақсы ауа өткізетін материалдар — мақта, зығыр, жүн және сапалы аралас маталар — қолайлы саналады.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздік талаптары ТР ТС 007/2011 «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен белгіленген. Жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне қойылатын талаптар ТР ТС 017/2011 регламентімен де реттеледі.
СЭСО-да сатып алушы үшін маңызды ақпарат көзі — бұйым таңбалауы екенін атап өтеді. Онда өнімнің атауы, өндіруші, шығарылған елі, өлшемі, шикізат құрамы, дайындалған күні және күтім ережелері көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ өнімде заңнамада көзделген EAC таңбасы болуы қажет. Қажет болған жағдайда сатып алушы сатушыдан бұйымның белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды сұрауға құқылы.
Сатып алушының назарын аудара алатын сыртқы белгілердің бірі — жаңа киімнен шығатын өткір химиялық иіс. СЭСО токсикология зертханасының маманы Салтанат Биназарованың айтуынша, айқын иіс құрамында, атап айтқанда формальдегидтің қалдық заттарының болуымен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен маман өнімнің қауіпсіздігін тек иіске қарап анықтау мүмкін емес екенін атап өтеді. Иістің болмауы қауіпсіздікке кепілдік бермейді, ал оның болуы әрдайым рұқсат етілген нормадан асқанын білдірмейді.
«Өнімнің қауіпсіздігі туралы нақты жауапты тек зертханалық зерттеу ғана бере алады», — дейді Салтанат Биназарова.
Осылайша, СЭСО мамандарының жұмысы өнім қауіпсіздігін тек сыртқы белгілер бойынша ғана емес, зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша да бағалауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе балаларды жаңа оқу жылына дайындау кезеңінде, нарықта мектеп киімінің кең таңдауы ұсынылған уақытта өзекті.
Орталық мамандары ата-аналарға форма сатып алу кезінде мата құрамына, жапсырманың толықтығы мен оқылымдылығына, дайындау сапасына және айқын бөгде иістің болмауына, сондай-ақ баланың киюге ыңғайлылығына назар аударуды ұсынады.
Қауіпсіз мектеп формасы — ең алдымен белгіленген талаптарға сәйкес келетін өнім, ал оның сәйкестігін сыртқы көрінісі емес, кәсіби бағалау мен зертханалық зерттеу нәтижелері растайды.