Басты бетҚазақстандағы заманауи онкология және ядролық медицинаның мүмкіндіктері

Қазақстандағы заманауи онкология және ядролық медицинаның мүмкіндіктері

Қазақстандағы заманауи онкология және ядролық медицинаның мүмкіндіктері Қазақстандағы заманауи онкология және ядролық медицинаның мүмкіндіктері Қазақстандағы заманауи онкология және ядролық медицинаның мүмкіндіктері Қазақстандағы заманауи онкология және ядролық медицинаның мүмкіндіктері

Қазіргі онкологиялық көмек – ауруды ерте анықтаудан бастап, нақты диагностика мен заманауи емдеу әдістеріне дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. Медициналық орталығының ауруханасында бұл бағыт Ядролық медицина орталығының базасында дамып келеді. Мұнда пациенттерге жоғары технологиялық диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.

Заманауи онкология мен ядролық медицинаның мүмкіндіктері туралы Медициналық орталығының ауруханасының дәрігер-онкологы Қуантқан Жабағин айтып берді.

Диагностиканың негізгі әдістерінің бірі – позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография, яғни ПЭТ/КТ. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл зерттеу тіндердің құрылымын ғана емес, олардың бойында жүріп жатқан процестердің белсенділігін де бір уақытта бағалауға мүмкіндік береді. Осы арқылы дәрігерлер аурудың толық көрінісін алып, оның таралу деңгейін нақтылап, емнің тиімділігін бағалай алады.

Алайда ПЭТ/КТ зерттеуін кез келген адамға жаппай жүргізудің қажеті жоқ. Мұндай зерттеудің қажеттілігін дәрігер пациенттің диагнозына, бұған дейінгі тексеру нәтижелеріне және жалпы жағдайына қарай анықтайды.

Медициналық орталығының ауруханасының Ядролық медицина орталығында жыл сайын 12 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізіледі. Мұнда Қазақстанның әр өңірінен келген пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – радиофармацевтикалық препараттарды өзінде өндіру. Бүгінде мұнда онкологиялық, кардиологиялық және неврологиялық ауруларды диагностикалауға қолданылатын 10-нан астам препарат түрі шығарылады.

Бұл бағыттың дамуы еліміздегі ядролық медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Радиофармацевтикалық препараттар тераностикада да қолданылады. Бұл – диагностика мен емдеуді бір бағытта ұштастыратын заманауи тәсіл. Оның көмегімен аурудың ерекшеліктеріне қарай емдеу әдісін таңдауға мүмкіндік бар.

Дәрігер-онкологтың айтуынша, онкологиялық диагноз қойылған кезде ең бастысы – сабыр сақтап, алғашқы 24–48 сағатта асығыс шешім қабылдамау.

«Онкологиялық диагноз қойылған жағдайда байыппен әрекет етіп, алғашқы 24–48 сағатта асығыс шешім қабылдамаған маңызды. Тексеру нәтижелерін мұқият зерделеп, бейінді мамандардың қорытындысын алған жөн», – дейді Қуантқан Жабағин.

Маман онкологиялық ауруларға қатысты қоғамда кең тараған кейбір мифтерге де тоқталды. Мысалы, интернетте биопсия ісіктің таралуына себеп болады немесе компьютерлік томографиядан кейін радиация ағзада қалып қояды деген пікірлер кездеседі.

«Мұндай пікірлердің ғылыми негізі жоқ. Биопсия – маңызды диагностикалық әдіс. Ал компьютерлік томография рентген сәулесінің көмегімен жүргізіледі және зерттеуден кейін сәуле ағзада қалмайды. Денсаулыққа қатысты ақпаратты сенімді медициналық дереккөздерден алып, тексеру нәтижелерін дәрігермен талқылау маңызды», – деп атап өтті дәрігер.

Тағы бір маңызды мәселе – өз бетінше емделу. Дәрігер тағайындаған емді шөптермен, биологиялық белсенді қоспалармен немесе ашығумен алмастыруға тырысу емделуге қажетті уақытты жоғалтуға әкелуі мүмкін. Ал онкологиялық аурулар кезінде уақыттың маңызы ерекше.

Сондықтан күрделі диагноз қойылған жағдайда үрейге берілмей, шешімді асығыс қабылдамаған жөн. Ең дұрысы – тексеру нәтижелерін бейінді мамандарға көрсетіп, әрі қарайғы емдеу тактикасын дәрігермен бірге анықтау.

Бүгінде Медициналық орталығының ауруханасы жоғары технологиялық медициналық бағыттарды дамытып, Ядролық медицина орталығының мүмкіндіктерін және радиофармацевтикалық препараттар қатарын кеңейтіп келеді. Бұл пациенттерге заманауи диагностикадан өтіп, білікті мамандардың сараптамалық қорытындысын алуға және қажетті медициналық көмекті бір жерде алуға мүмкіндік береді.

Заманауи технологиялардың басты артықшылығы тек қана заманауи жабдықта емес. Оның мүмкіндігін дұрыс пайдаланып, алынған нәтижені нақты диагноз бен тиімді емдеу тактикасына айналдыратын мамандардың тәжірибесі де маңызды.