Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының ірі көпфункционалды медициналық кешенін ашты, деп хабарлайды ҚР ПІБ баспасөз қызметі.
Жаңа кешеннің тұжырымдамасы адам басты назарда деген ұғымға негізделген және әлемдік стандарттар мен ең озық медициналық технологияларға сәйкес пациенттерге қызмет көрсету үшін барлық қолайлы жағдай жасалуын көздейді. Кешен қазіргі заманғы әлемдік талаптарға сәйкес құрылған. Кешенде медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдері (амбулаториялық-емханалық, мамандандырылған, жоғары мамандандырылған көмектен бастап оңалтуға дейін) қамтылғанына қарамастан, стационарлық және емханалық пациенттерге қызмет бөлек көрсетіледі.
Бөлімшелер медициналық техниканы жасау саласындағы жетекші өндірушілердің жабдығымен жарақталған.
Кешеннің 200 орынға арналған стационары, 8 операция жасау бөлмесі, оның ішінде 1 гибридтік бөлмесі, 1000 адамға дейін қабылдайтын 4 емханасы және 24 орынға арналған күндізгі стационары бар.
Ауруханада жоғары білікті персонал жұмыс істейді, оның ішінде медицина ғылымдарының 11 докторы және 24 кандидаты бар, дәрігерлердің жартысынан астамы жоғары санатқа ие. Емдеудің жоғары стандарттары кәсіби біліктілікті тұрақты жетілдіруді талап ететінін ескере отырып, аурухананың медициналық қызметкерлері алыс және жақын шетелдердің жетекші клиникаларында біліктілігін арттырды.
Бұл кешен ресурс үнемдейтін технологиялар саласындағы ең соңғы инновациялық технологияларға сәйкес жабдықталған, оның құрамында ядролық медицина бөлімшесін қоса алғанда, бірегей диагностикалық блок бар.
Кешен кешенді автоматтандырудың жүйесі есебінен «ақылды ғимарат» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ғимараттың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін негізгі жүйелерге, оның барлық инфрақұрылымына мониторинг жүргізу мен басқару автоматты түрде жүзеге асырылады.