Бүгін, 13 тамызда, Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері басталды. Іс-шара Жезқазған қаласындағы Облыстық көпсалалы аурухана базасында өтуде. Екі күн бойы Медициналық орталықтың жетекші мамандары тұрғындарды тегін қабылдап, күрделі операциялар жасайды, сондай-ақ өңірдің медицина қызметкерлері үшін шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізеді.
Облыс тұрғындарына ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің мамандары – кәсіптік патолог, хирург-онколог және аритмолог тегін консультация береді. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының мамандары кардиохирургиялық бейіндегі пациенттерді қабылдап, онколог консультациясын өткізеді.
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы мамандарының қатысуымен күрделі хирургиялық араласулар жүргізу. Атап айтқанда, нейронавигацияны қолдану арқылы омыртқаға операция жасау, тарылған қан тамырларына стент қою, шағын тілік арқылы бүйректегі тастарды алып тастау және нефростома орнату, сондай-ақ тізе буынына аз инвазивті операция жасау жоспарланған.
«Мұндай көшпелі іс-шаралар өңір тұрғындары үшін сапалы мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз үшін өңірлік әріптестермен кәсіби тәжірибе алмасудың маңызы зор. Бірлескен қабылдаулар, операциялар мен шеберлік сабақтары барысында біз практикалық тәжірибемізбен бөлісіп, күрделі клиникалық жағдайларды бірге талқылаймыз. Мұндай формат пациенттерге қажетті көмекті жергілікті жерде көрсетуге ғана емес, өңір мамандарының кәсіби құзыреттерін дамытуға да ықпал етеді», – деп атап өтті ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі Ардақ Ахмадиев.
Бағдарламада өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған жеке блок қарастырылған. Медициналық орталық мамандары операциялар барысында шеберлік сабақтарын өткізіп, практикалық тәжірибелерімен бөліседі, клиникалық жағдайларды таныстырады, сондай-ақ презентациялар мен семинарлар өткізеді.
Негізгі тақырыптардың қатарында сепсис және сепсистік шок, паллиативтік көмекті ұйымдастыру, ядролық медицина мен тераностиканың мүмкіндіктері, кардиохирургия, қан тамырлары патологияларын эндоваскулярлық емдеу, мейіргер ісіндегі менеджмент және спорттық медицинадағы оңалту мәселелері бар.
Медициналық орталық күндері 13-14 тамыз аралығында өтеді. Ұлытау – жыл басынан бері ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өткен Қазақстанның сегізінші өңірі.