Халықаралық офтальмология күні қарсаңында Ұлттық госпиталь дәрігерлері көз ауруларының көпшілігін дер кезінде анықтаған жағдайда тиімді емдеуге немесе олардың дамуын бақылауда ұстауға болатынын еске салады. Бүгінде госпиталь мамандары заманауи хирургиялық және аз инвазивті технологияларды қолдана отырып, офтальмологиялық аурулардың кең ауқымын анықтап емдейді.
Кең таралған көз ауруларының қатарында жақыннан не алыстан көрмеу, астигматизм, құрғақ көз синдромы, катаракта, глаукома, диабеттік ретинопатия және жасқа байланысты макулалық дегенерация бар. Мамандар компьютер алдында ұзақ отыру және смартфонды жиі пайдалану салдарынан көзге түсетін жүктеменің артуын да өзекті мәселе ретінде атап өтеді.
Ұлттық госпитальда уақтылы емделмеген жағдайда көру қабілетінің айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін ауруларға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, катарактасы бар пациенттерге факоэмульсификация жасалады. Бұл – көздің бұлдырланған табиғи бұршағын алып, орнына жасанды көз бұршағын имплантациялауға мүмкіндік беретін заманауи ота. Ал глаукома кезінде дәрігерлер пациенттің жағдайы мен аурудың сатысына қарай консервативті, лазерлік және хирургиялық емдеу әдістерін қолданады.
Заманауи технологиялар көздің торлы қабығы мен макула патологияларын емдеуде де қолданылады. Госпитальде дәрілік препараттарды тікелей көздің шыны тәрізді денесіне енгізу арқылы интравитреальды инъекциялар жасалады. Мұндай терапия торлы қабықтың бірқатар ауруында қолданылып, көру функцияларын сақтауға бағытталған.
«Көптеген көз аурулары бастапқы кезеңде еш белгісіз өтуі мүмкін, сондықтан адам ұзақ уақыт бойы көзіндегі өзгерістерді байқамай жүреді. Осы себепті офтальмологқа жүйелі түрде қаралып тұрудың маңызы зор. Уақтылы диагностика ауруды ерте кезеңде емдеуге, оның дамуын баяулатуға, ал көптеген жағдайда ауыр асқынулардың алдын алып, көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық госпитальдың дәрігер-офтальмологы Шахмардан Құттыбай.
Сонымен қатар Ұлттық госпитальдың офтальмологиялық қызметі емдеу мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтіп келеді. Қазіргі уақытта бөлімшеде витреоретинальды хирургия бағыты дамуда. Оны енгізу алдағы уақытта көздің торлы қабығы мен шыны тәрізді денесінің аурулары кезінде күрделі хирургиялық операцияларды госпитальде жасауға мүмкіндік береді.
Дәрігерлер көз саулығын сақтау профилактикадан басталатынын атап өтеді. Мамандар жылына кемінде бір рет офтальмологтың профилактикалық тексеруінен өтуді, қандағы қант деңгейі мен артериялық қысымды бақылауды, ұйқы режимін сақтауды және цифрлық құрылғылармен жұмыс істеген кезде көзге демалыс беруді ұсынады. Компьютер алдында ұзақ уақыт жұмыс істегенде «20-20» қағидасын ұстанған жөн: әр 20 минут сайын шамамен 20 секунд бойы алыстағы нысанға көз тоқтату қажет. Сондай-ақ ультракүлгін сәуледен қорғайтын сапалы күннен қорғайтын көзілдірік тағу маңызды.
Халықаралық офтальмология күні жыл сайын 8 тамызда атап өтіледі. Бұл күн жүйелі диагностика мен маманға дер кезінде жүгіну адамның ең маңызды құндылықтарының бірі – көз жанарын сақтауға көмектесетінін тағы бір мәрте еске салады.