ҚР Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай Kazinform агенттігі еліміздегі ең ірі медиахолдингтердің бірінің қалыптасу тарихы мен Тәуелсіздік жылдарынан бергі қоғамдық-саяси үдерістерді ақпараттық тұрғыда сүйемелдеудегі маңызды рөлін баяндайтын арнайы жобаны іске қосты.
Мультимедиалық жоба ТРК-ның 1990 жылдардың ортасындағы алғашқы қадамдарынан бастап бүгінде «Президент туралы контент фабрикасына» айналған заманауи медиахолдингке дейінгі даму жолын қамтиды. ТРК-ның бірыңғай медиаплатформасының құрамына Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Jibek Joly/Silk Way телеарналары, Jibek Joly радиосы, сондай-ақ TRK Documentary продакшн орталығы мен TRK LAB кіреді.
Арнайы жоба ТРК-ның тәуелсіз Қазақстан тарихының барлық кезеңдерін сақтап келе жатқан бірегей ақпараттық мұрағат ретіндегі рөлін айшықтайды. Бай құжаттық қорда ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғалардың, маңызды мемлекеттік шешімдердің және мемлекет қалыптасуының негізгі кезеңдерінің хронологиясы көрініс тапқан.
Жобаның негізгі бөлімдерінің бірі әлемдік телевизия индустриясының талаптарына сай келетін ТРК-ның заманауи материалдық-техникалық базасына арналған. ТРК – Мемлекет басшысының қызметі мен еліміздің ішкі және сыртқы саяси күн тәртібін айқындайтын маңызды іс-шаралар туралы ақпарат тарататын негізгі медиаресурстардың бірі.
Арнайы жобада ТРК-ның тарихын қалыптастырған және бүгінгі күні де оның дамуына үлес қосып жүрген адамдарға ерекше орын берілген. Журналистер, режиссерлер, операторлар, инженерлер, техникалық мамандар және басқа да қызметкерлердің сұхбаттары мен мұрағаттық бейнематериалдары арқылы олардың кәсіби еңбегі нәтижесінде жүздеген телевизиялық жобаның, деректі фильмнің және ішкі әрі халықаралық аудиторияға арналған арнайы репортаждардың қалай дүниеге келгені көрсетіледі.
Арнайы жоба ТРК-ны Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы стратегиялық бағытын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеп, мемлекеттік күн тәртібін қалыптастырып, оны кеңінен насихаттайтын жетекші медиаресурстардың бірі ретінде таныстырады.
Өз материалдары арқылы ТРК Қазақстанның халықаралық аренада өзін сенімді танытып келе жатқан, жаһандық диалогтың жауапты қатысушысы саналатын заманауи әрі ашық мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайтуға үлес қосып келеді.
Арнайы жобаның сілтемесі: https://kaz.inform.kz/specproject/ptrk/