Қазіргі таңда әйелдер арасында миома, эндометриоз, аналық без кисталары, жыныс жолдарының қабыну аурулары және бедеулік жиі кездеседі. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жоғары санатты акушер-гинекологы Балзия Алдышеваның айтуынша, бұрын көбіне 35-40 жастан кейін анықталатын кейбір гинекологиялық аурулар бүгінде 20-30 жастағы қыз-келіншектер арасында да жиілеп келеді. Сондықтан дәрігер әрбір әйелге өзін жақсы сезінсе де, жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өтуді ұсынады.
21 жылдан бері акушерия және гинекология саласында еңбек етіп келе жатқан Балзия Алдышеваның сөзінше, бедеулік бүгінде тек медициналық емес, әлеуметтік маңызы бар өзекті мәселелердің бірі.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында бедеулікті анықтау және емдеу кешенді түрде жүргізіледі. Ерлі-зайыптылар толық тексеруден өтіп, әйелдерге гормоналды, ультрадыбыстық, инфекциялық және генетикалық зерттеулер жасалады. Қажет болған жағдайда гистероскопия, лапароскопия сияқты заманауи диагностикалық және емдік әдістер қолданылады. Табиғи жолмен жүктілікке қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда пациенттер экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) дайындалып, бейінді мамандарға жолданады.
Дәрігер бедеулік мәселесінде тек әйелдің ғана емес, ер адамның да тексерілуі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бедеулік жағдайларының едәуір бөлігі ерлердің репродуктивті денсаулығына байланысты болуы мүмкін. Сондықтан жүктілікті жоспарлау кезінде ер адам уролог немесе андрологтың қабылдауынан өтіп, қажет болған жағдайда тиісті анализдерді тапсырып, зерттеулерден өткені жөн.
Сондай-ақ Балзия Алдышева жүктілікті саналы түрде жоспарлаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, фолий қышқылын жүктілік анықталғаннан кейін емес, жүктілікті жоспарлаудан кемінде үш ай бұрын қабылдай бастаған дұрыс. Бұл ұрықтың жүйке түтігінің дұрыс қалыптасуына ықпал етіп, туа біткен даму ақауларының қаупін төмендетуге көмектеседі.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында жүктілікті жоспарлаған және жүктіліктің ерте кезеңіндегі әйелдерге «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді медициналық көмек көрсетіледі. Мұнда акушер-гинекологтың консультациясын, ультрадыбыстық зерттеуді, зертханалық талдауларды, гормоналды және инфекциялық скринингтерді, сондай-ақ эндокринолог, терапевт, генетик, кардиолог, уролог, инфекционист және басқа да бейінді мамандардың кеңесін бір жерде алуға болады.