Форум қазіргі ақпараттық кеңістіктегі өзекті сын-қатерлерді талқылау және алдағы ынтымақтастық бағыттарын айқындау үшін медиа қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік органдар мен сарапшыларды бір алаңға жинады. Шараның негізгі тақырыптары қатарында жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың келешегі мен оған төнетін сын-қатер, цифрлық технологияларды қолдану, артық әрі сенімсіз ақпаратпен күрес, медиа саласының кадрлық әлеуетін нығайту және дәстүрлі редакциялардың трансформациясы болды.
ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің басшылығымен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтерілген Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжылдық әріптестік және одақтастық қатынастарды ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеуде БАҚ рөлі маңызды екенін баса айтты.
"Бұл биылғы мамыр айында Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде қол қойылған Достық пен тату көршіліктің жеті қағидаты туралы бірлескен мәлімдемеде нақты көрініс тапты. Маңызы зор бұл құжат екі ел қарым-қатынасының ұзақмерзімді бағыт-бағдарын айқындап, экономикадан мәдениет пен білім саласына дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды", — деді Р. Қажыбаева.
Президент Телерадиокешені директорының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары маңызды миссия атқарып отыр — олар екі ел мен халық арасындағы өзара түсіністік, сенім және тату көршілік қатынастарды нығайту жолында кәсіби, байыпты әрі жауапты жұмыс істеп келеді. Өйткені ақиқат әрдайым жалған ақпараттан озық жүруі керек.
"Зияткерлік меншікті қорғау негіздері, азаматтардың цифрлық құқықтарына кепілдік беру, оның ішінде дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңінде күшіне енген жаңа Конституцияда бекітілген. Бұл нормалар медиа саласын, цифрлық журналистиканы және ақпараттық ынтымақтастықты дамытудың заманауи құқықтық негізін қалыптастырады", — деп атап өтті Р. Қажыбаева.
III Қазақстан-Ресей медиафорумының маңызы тек медиа саласымен шектелмейді, оның қоғамдық-саяси мәні де зор. Форум қорытындылары Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі елдің ортақ ақпараттық кеңістігінде сенім мен өзара түсіністік ахуалын қалыптастыруға ықпал етеді.