«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты ұйымдардың қызметкерлері Астана және Алматы қалаларында сенбілік өткізді.Экологиялық бастамаға Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының, Әкімшілік ғимараттар дирекциясының, Автошаруашылықтың және Ұлттық госпитальдың 140 қызметкері қатысты.
Елордада акцияға қатысушылар Есіл өзенінің бойындағы «Батыс» саяжай қоғамының аумағын тазалады. Сенбілік барысында жаяу жүргіншілер жолдары мен тұрғындардың демалыс аймақтары ретке келтірілді. Сондай-ақ «Мөлдір Бұлақ» бастамасы аясында өзен жағалауы тұрмыстық және өндірістік қалдықтардан тазартылды.
Алматыда Ұлттық госпиталь қызметкерлері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жанындағы саябақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Сенбілік барысында қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын демалыс орны қураған ағаш бұтақтары мен тұрмыстық қоқыстан тазартылды.
Екі қалада өткен сенбіліктің қорытындысы бойынша жалпы салмағы 1,1 тонна болатын 110-нан астам қап жиналды.
Президент Іс басқармасы жүйесінде экологиялық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олар қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.