Басты бетМаусымдық аллергияның асқыну қаупін қалай азайтуға болады

Маусымдық аллергияның асқыну қаупін қалай азайтуға болады

Маусымдық аллергияның асқыну қаупін қалай азайтуға болады

Жаздың екінші жартысы Қазақстанның көптеген тұрғыны үшін маусымдық аллергияның күшею кезеңі болып саналады. Дәл осы уақытта жусан мен амброзия сияқты шөптер қарқынды гүлдейді. Олардың тозаңы ең көп таралған аллергендердің бірі болып есептеледі. Еліміздің солтүстік өңірлерінде өсімдік тозаңына аллергияның шарықтау кезеңі көбіне шілде-тамыз айларына сәйкес келеді. Ал шөптердің гүлдеу маусымы қазан айына дейін жалғасады.

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінің терапевт-дәрігері, аллерголог Ақерке Бекболатованың айтуынша, маусымдық аллергияны қарапайым суық тиюден дер кезінде ажырата білу маңызды. Аллергия кезінде, әдетте, дене қызуы көтерілмейді, ал белгілер көшеге шыққанда күшейе түседі.

«Егер аллергия белгілері қайта-қайта байқалса, дәрі-дәрмекті өз бетіңізше қабылдамаңыз. Міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексеруден өтіп, нақты аллергенді анықтау қажет. Бұл тиімді ем тағайындауға және аурудың асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді Ақерке Бекболатова.

Маусымдық аллергияның негізгі белгілеріне жиі түшкіру, мұрынның бітелуі, мұрын мен көздің қышуы, көзден жас ағу, жөтел және кейбір науқастарда тыныс алудың қиындауы жатады. Құрғақ әрі желді күндері ауадағы тозаң мөлшері көбейетіндіктен, аллергия белгілері де күшейеді. Ал жаңбырдан кейін ауадағы тозаң азайып, көптеген аллергиясы бар адамдардың жағдайы жеңілдейді.

Аллергияның алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – аллергендермен байланысты барынша азайту. Өсімдіктердің қарқынды гүлдеу кезеңінде мамандар гүлдеу күнтізбесін бақылап, желді күндері ұзақ уақыт далада жүрмеуге кеңес береді. Егер сыртқа шығу қажет болса, жаңбырдан кейін немесе кешкі уақытта шыққан дұрыс, өйткені бұл кезде ауадағы тозаң мөлшері төмен болады.

Ұлттық госпитальде аллергиялық ауруларды анықтау кешенді түрде жүргізіледі. Дәрігер науқастың шағымдарын тыңдап, аллергиялық аурулар тарихын зерттейді. Қажет болған жағдайда теріге аллергиялық сынама жасалып, қандағы жалпы және арнайы Е иммуноглобулин (IgE) деңгейі тексеріледі. Сондай-ақ тыныс алу жүйесінің қызметін бағалау үшін спирометрия зерттеуі жүргізіледі.

Диагноз расталғаннан кейін әрбір науқасқа жеке емдеу жоспары жасалады. Ол аллергендермен байланысты шектеу, антигистаминдік дәрілерді қабылдау, мұрынға арналған спрейлерді қолдану және ингаляциялық емді қамтуы мүмкін. Дәрігерлер кез келген дәрілік препаратты тек маманның тағайындауымен қолдану қажет екенін ескертеді.