Құлақ, мұрын және тамақ ауруларына шалдыққан науқастардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – өздігінен емделуге тырысу. Мұндай әрекеттер көбіне асқынуларға әкеліп, емдеу мерзімінің ұзаруына себеп болады. Бұл туралы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігер-оториноларингологы Арман Қажғали айтып берді.
Маманның айтуынша, оториноларингологқа жүгінудің ең жиі кездесетін себептері – ұзаққа созылған тұмау, жөтел, аденоидтар, гайморит, отит және дәрі-дәрмектік ринит. Дәрігердің атап өтуінше, мұрынның ұзақ уақыт бітелуі әрдайым вирустық инфекциямен байланысты бола бермейді. Оған аллергия аурулары, мұрын қалқасының қисаюы, созылмалы қабыну процестері және мұқият диагностика мен жеке емдеу тәсілін қажет ететін басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін.
Дәрігер мұрынға арналған тамыр тарылтатын тамшыларды бақылаусыз қолданудың қауіпін ерекше атап өтті.
«Мұндай дәрілерді 5-7 күннен артық қолдануға болмайды, өйткені оларды ұзақ уақыт пайдалану – дәрі-дәрмектік ринитке шалдықтыруы мүмкін. Егер осы мерзімнен кейін де мұрынның бітелуі немесе басқа белгілер сақталса, аурудың нақты себебін анықтап, тиісті ем тағайындау үшін ЛОР-дәрігерге қаралу қажет», – дейді Арман Қажғали.
Сондай-ақ маман құлаққапты сақтықпен пайдалануға кеңес береді. Оның айтуынша, музыканы ең жоғары дыбыс деңгейінің 60%-ынан асырмай тыңдаған дұрыс және құлаққапты екі сағаттан артық қолданбаған жөн. Қатты дыбыстың ұзақ уақыт әсер етуі есту аппаратына түсетін жүктемені арттырып, уақыт өте келе есту қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының оториноларингология бөлімшесінде жыл сайын күрделілігі әртүрлі 1 500-ден астам ота жасалады. Мамандар септопластика мен мұрын қалқаншаларын түзетуден бөлек, мұрынның қосалқы қуыстарына араласу, кохлеарлық имплантация, ісіктер кезінде кеңейтілген эндоскопиялық ота, сондай-ақ ауыр риносинусит пен ЛОР-ағзаларының басқа да ауруларын хирургиялық жолмен емдейді. Дәрігерлердің мол тәжірибесі мен заманауи медициналық жабдықтар пациенттерге түрлі патологиялар кезінде жоғары деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.