ҚР Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған ауқымды ағартушылық жоба еліміздің солтүстік өңірлеріне де жетті. Екі күн бойы үлкен экранда қарапайым адамдардың тағдыры, өз ісіне адалдық, азаматтық жауапкершілік және мемлекет тарихындағы тағдыршешті кезеңдер туралы баяндайтын деректі фильмдер көрсетілді.
Петропавлда өткен кинолекторийге келушілер қарасы қалың болды. Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығының төл туындылары Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдерді, қоғамдағы өзекті мәселелерді және мемлекет дамуына үлес қосқан азаматтардың өмір жолын арқау етеді. Деректі туындылар көрерменге өткен оқиғаларды жаңаша қабылдауға мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Бүркітәлімованың айтуынша, республикалық деректі кино апталығын өңірде өткізу — үлкен мәртебе.
— Бұл жоба қазақстандықтар үшін өте маңызды. Ол көрермендерді еліміздің тарихымен, мәдениетімен және бүгінгі жетістіктерімен таныстырып, тарихи жадымызды сақтауға әрі патриоттық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. Президент телерадиокешені — Тәуелсіз Қазақстанның шежіресін жасап, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды келер ұрпақ үшін сақтап келе жатқан бірегей шығармашылық орталық. Көрермендерге деректі кино әлемінен ұмытылмас әсер алуды тілеймін, — деді ол кинолекторийдің ашылуында.
Петропавл тұрғындарының назарына «Қуатты серіктес», «Құлалы аралының адамы», «Travel Kazakhstan» және «Апорт» фильмдері ұсынылды. Деректі кино көрерменге таныс мекендер мен адамдар тағдырын жаңа қырынан танып, кейіпкерлерден өзін көруге мүмкіндік береді. Оқиғалар куәгерлердің сұхбаттары арқылы баяндалып, тарихты көрерменге жақын әрі түсінікті етеді, экранды қоғамның өзімен сырласатын жанды алаңға айналдырады.
«Қуатты серіктес» фильмі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсандағы Жапонияға жасаған ресми сапарына және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуына арналған. Фильм Қазақстан дипломатиясының ішкі қырларын — өзіндік қолтаңбасын, мәмілегерлік шеберлігін және ұстанған бағытынан айнымайтын жүйелілігін көрсетеді. Бүгінде бұл — әлемдегі үздік дипломатиялық тәжірибелердің бірі ретінде мойындалған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға сапары Мемлекет басшысының жеке тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі стратегиялық серіктестіктің нығаюына негіз болғанының көрінісі ретінде беріледі. Сонымен қатар фильм Қазақстан дипломатиясының тек хаттамалар мен келісімдерден тұрмайтынын, оның елдің халықаралық беделін арттырып, сыртқы саясатты экономика, ғылым және технологиялардың дамуына қызмет ететін нақты құралға айналдыратынын көрсетеді.
Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған фильмдердің бірі — «Апорт». Бұл алманың хош иісі әрбір қазақстандық үшін өзіндік мәдени мәнге ие. Петропавл тұрғыны, Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтының түлегі Айтбек Еслямбекұлы жастық шағынан естелік айтты.
— Апорттың қайталанбас дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Тоқсаныншы жылдары білім алған бізге бұл жеміс кей күндері тіпті тамақты да алмастыратын. Арықтың бойымен тауға қарай кросс жүгіреміз. Қайтар жолда баққа тоқтап, сөмкемізді иісі аңқыған апортқа толтырып қайтатынбыз. Кейін Алматыға барғанымда сол бақтың жоқ екенін көріп, қатты қапаландым. Апорт — біздің ұлттық мақтанышымыз. Бүгін фильмнен оны қайта жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын білдім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл іске қолдау көрсетуі апортты сақтап қалу ісіне мемлекеттік деңгейдегі жүйелі сипат берді, — деді фильмнен алған әсерімен бөліскен Айтбек Есләмбекұлы.
Фильмде апорттың тарихына қатысты бұрын көпшілікке белгісіз болған деректер ұсынылған. 1900 жылдан бері атақты Алматы апорты алты рет беделді халықаралық көрмелерде жоғары марапаттарға ие болған. 1970 жылы Қазақстанда 3 млн 850 мыңнан астам апорт ағашы өссе, оның 3 млн-ы Алматы облысында орналасқан еді. Алайда 1984 жылға қарай олардың саны небәрі 1 млн 400 мың түпке дейін азайған. Жойылып кету қаупіне ұшыраған апортты сақтап, көбейту мақсатында 2025-2028 жылдарға арналған кешенді Жол картасы қабылданып, қазіргі таңда кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламадағы ерекше туындылардың бірі — аты аңызға айналған Петр Лупенков туралы «Құлалы аралының адамы» фильмі. Картина Каспий теңізіндегі шалғай Құлалы аралында орналасқан гидрометеорологиялық станция басшысының өмірі мен еңбегін баяндайды. Көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде түсірілген бұл фильм көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Петропавлдықтар фильмнің түсірілу барысы, шығармашылық шешімдер мен техникалық ерекшеліктер жайында көбірек білгісі келді. Олардың сұрақтарына Президент Телерадиокешенінің Деректі фильмдер орталығының аға редакторы, сценарист Эльмира Ішмұхаметова мен режиссер Бахтияр Канафин жауап берді.
— Көрермендерді көбіне кадр сыртында қалған дүниелер қызықтырады. Олар «Түсірілім қалай өтті? Кейіпкерлердің сеніміне қалай кірдіңіздер?» деген сұрақтарды жиі қояды. Мен үшін ерекше қымбат туынды — «Құлалы аралындағы адам» фильмі. Біз басты кейіпкердің тағдыры арқылы еліміздің құндылықтарын, қиындықтарды еңсеру жолын және адамдардың өз кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігін көрсетуге тырыстық. Ал көрермендер «Бұл фильмді тағы қайдан көруге болады?» деп сұраса, бұл — біз үшін ең жоғары баға, — деді Эльмира Ішмұхаметова.
Еске сала кетейік, «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі бұған дейін Астанада, сондай-ақ еліміздің оңтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде өткен болатын. Алдағы уақытта жоба Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады. Қорытынды көрсетілім 25 қыркүйекте Алматы қаласында ұйымдастырылады.