Басты бетAlmaty Resort халықаралық медициналық туризм картасындағы орнын нығайтып келеді

Almaty Resort халықаралық медициналық туризм картасындағы орнын нығайтып келеді

Almaty Resort халықаралық медициналық туризм картасындағы орнын нығайтып келеді Almaty Resort халықаралық медициналық туризм картасындағы орнын нығайтып келеді

Қазақстан халықаралық медициналық туризм нарығында уақыт өткен сайын танымал бағытқа айналып келеді. Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының мәліметінше, соңғы бес жылда шетелдік емделушілер ағыны бес есе өсіп, 2025 жылы 73 мың адамнан асты. Елге жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін ғана емес, сондай-ақ санаторийлік-курорттық ем, оңалту және сауықтыру қызметтерін пайдалану мақсатында да келеді. Ең қызығы, қазақстандық медицинаға денсаулық сақтау жүйесі қалыптасқан дамыған елдердің тұрғындары да қызығушылық танытып отыр.

Осы бағыттың дамуына серпін беріп отырған жетекші шипажайлардың бірі – Almaty Resort. Қолайлы тау климаты, заманауи медициналық технологиялар, табиғи емдік факторлар және ыңғайлы көлік қатынасы оны шетелдік қонақтар үшін тартымды демалыс әрі сауықтыру орнына айналдырды.
Жыл басынан бері шипажайда 166 шетелдік демалушы ем алып, тынықты. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық көп көрсеткіш. Негізгі келушілер Қытай, Қырғызстан және Ресей елдерінен.

«Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Алматыға халықаралық іс-шараларға, конференциялар мен іскерлік бағдарламаларға қатысу үшін келеді. Соған қарамастан олардың көбі емдік-сауықтыру бағдарламаларынан өтуді жөн көреді. Біз шетелдік келушілер арасында шипажай қызметіне деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын байқап отырмыз», – дейді Almaty Resort орналастыру және қызмет көрсету бөлімінің басшысы Сабина Байсұлтанова.

Бүгінде Almaty Resort – жыл сайын 11 мыңнан астам адам ем алып, сауығатын Қазақстандағы жетекші шипажайлардың бірі. Заманауи медициналық жабдықтар, тәжірибелі мамандар және әр адамға жеке әзірленетін бағдарламалар жүрек-қан тамырлары ауруларының, тыныс алу жүйесі мен тірек-қимыл аппараты сырқаттарының алдын алуға, оларды емдеуге және оңалтуға, сондай-ақ созылмалы күйзелістің салдарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Халықаралық туризмнің дамуына шипажайдың ірі халықаралық іс-шаралар өтетін алаңға айналуы да оң ықпал етуде. Мұнда халықаралық форумдар, білім беру бағдарламалары, медициналық конгрестер мен фестивальдер ұйымдастырылып, әлемнің ондаған елінен келген қатысушылардың басын қосады. Көптеген шетелдік қонақ үшін Almaty Resort Қазақстан және еліміздің санаторийлік-курорттық медицинасының мүмкіндіктерімен алғашқы танысу алаңына айналып отыр.
Халықаралық медиатренингке Моңғолиядан келген қатысушы Батжарғалдың айтуынша, оны ең алдымен медициналық көмектің жоғары деңгейі мен емдеу рәсімдерінің тиімділігі таңғалдырған.

«Көпшілігіміз үшін бұл Қазақстанға алғашқы сапар болды. Бірнеше емдік процедурадан өттік және аз уақыттың ішінде-ақ денсаулығымыздың жақсарғанын сездік. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің кәсібилігіне, әрбір емделушіге деген мейірімді ықыласына ерекше алғысымды білдіремін. Almaty Resort-ты достарыма және таныстарыма міндетті түрде ұсынамын», – деді ол.

Ресейден келген қонақ Людмила да алған әсерімен бөлісті.
«Біздің елде де жақсы шипажайлар көп. Дегенмен Almaty Resort-қа келгенімізге еш өкінбедік. Бізді қызмет көрсету деңгейі, дәрігерлердің кәсібилігі, қонақжайлық пен ерекше жайлы атмосфера тәнті етті. Осындай жылы қабылдау үшін ризашылығымызды білдіреміз және бұл жерге тағы да ораламыз», – деді ол.

Мамандардың пікірінше, заманауи медицина, емдеу құнының қолжетімділігі, табиғи емдік ресурстар мен жоғары қызмет көрсету деңгейінің үйлесуі – халықаралық нарықта қазақстандық шипажайларға деген сұранысты арттырып келеді. Almaty Resort қонақтарының географиясы да жыл сайын кеңейіп, Қазақстанның медициналық және сауықтыру туризмінің өңірлік орталығы ретіндегі әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетуде.