Анестезиолог-реаниматолог дәрігердің еңбегі пациенттердің назарында жиі бола бермейді. Дегенмен дәл осы мамандар ең жауапты сәттерде науқас жанынан табылады. Олар операция барысында пациенттің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін үздіксіз бақылауда ұстайды, анестезияның оңтайлы түрін таңдайды және кез келген сәтте хирургиялық емнің нәтижесіне әсер етуі мүмкін маңызды шешім қабылдауға дайын болады.
Осындай мамандардың бірі – ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Саят Бикібаев. Ол Санкт-Петербург қаласындағы С. М. Киров атындағы Әскери-медициналық академияның түлегі. Әскери медициналық білім клиникалық пәндер бойынша іргелі дайындықпен қатар, экстремалды жағдайларда медициналық көмек көрсетуге де үйретеді. Оқу барысында болашақ дәрігерлер әскери-теңіз флотындағы медициналық қызметтің ерекшеліктерін меңгеріп, су астында жүзудің физиологиясын зерттеді әрі шектеулі кеңістікте хирургиялық көмекті ұйымдастыру дағдыларын игерді.
«Анестезиологияға деген қызығушылығым үшінші курста оянды. Сол кезде өңірлік анестезиямен жасалған операцияға қатыстым. Пациент есін жоғалтпай, дәрігерлермен еркін сөйлесіп жатты, ал хирургтер күрделі операция жүргізген болатын. Сол сәтте анестезиологияның тек ауырсынуды басу ғана емес, адамның өмірлік маңызды қызметтерін сақтап тұрудың нағыз өнері екенін түсіндім», – дейді дәрігер.
Бүгінде анестезиолог-реаниматологтың жұмысы терең кәсіби білімді, жоғары жауапкершілікті, жағдайды жедел бағалап, уақыт тығыз болған кезде дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Сонымен қатар командамен үйлесімді жұмыс істеу, заманауи медициналық жабдықтарды еркін меңгеру және кәсіби біліктілікті үздіксіз жетілдіру де аса маңызды. Операциялық бөлмеде әр маман өз міндетін атқарғанымен, операцияның бүкіл кезеңінде пациенттің жағдайының тұрақты болуына дәл осы анестезиолог жауап береді. Күрделі операциялар кезінде олар бірнеше сағат бойы науқастың қасында болып, зейінін жоғалтпай, ағзаның барлық өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылап отырады.
2025 жылы Медициналық орталық ауруханасында 10 мыңнан астам операция жасалды. Олардың әрқайсысының артында 38-ден астам анестезиолог-реаниматолог дәрігерден құралған кәсіби команданың еңбегі тұр. Олардың біліктілігі, мол тәжірибесі және жауапты шешім қабылдауға әрдайым дайын болуы сапалы хирургиялық көмектің маңызды құрамдас бөлігі әрі пациенттердің өз денсаулығын сеніп тапсыруының басты негіздерінің бірі болып қала береді.