Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің «Технологиялық даму ұлттық агенттігі» АҚ-пен және «Астана қаласының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-мен бірлесіп мемлекеттік инновациялық гранттар беру тетігі және еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша семинар өткізді деп хабарлайды ҚР Президенті Іс басқармасының баспасөз қызметі.
Семинарға Іс Басқармасының қызметкерлері және ведомстволық қарасты ұйымдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Семинар барысында Ұлттық агенттіктің өкілдері грант түрлері, басым бағыттары, грант беру рәсімі және өтінім беруге қажетті құжаттар тізбесі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірме беріп, ақпараттық материалдарды таратты.
Семинардың екінші бөлігінде Астана қаласының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының өкілі еңбек заңнамасындағы жаңа өзгерістер, кәсіпорындар қызметкерлерін қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға оқыту тәртібі, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы ықтимал даулы жағдайды шешу жөнінде түсіндірме берді.