Басты бетҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкін...

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуде

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуде ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуде

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдерін кезең-кезеңімен енгізу арқылы жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. 

Бүгінде Медициналық орталықтың ауруханасында өз радиофармацевтикалық препараттарын өндіретін Ядролық медицина орталығы, Роботтандырылған хирургия орталығы, нейрохирургиялық араласуларға арналған гибридті операциялық бөлме және басқа да жоғары технологиялық бөлімшелер жұмыс істейді. Медициналық орталықтың технологиялық базасын дамытудағы кезекті маңызды қадамдардың бірі жаңа буындағы заманауи ангиографиялық жүйенің іске қосылуы болды.

Жаңа кешен жүрек, ми және перифериялы артериялар ауруларын диагностикалауға және аз инвазиялық әдіспен емдеуге арналған. Дәстүрлі ашық хирургиялық операциялардан айырмашылығы, көптеген араласулар қан тамырына шағын ғана тесу арқылы жасалады. Бұл пациент ағзасына түсетін жүктемені азайтып, асқыну қаупін төмендетуге және оңалту кезеңін қысқартуға мүмкіндік береді.

Зерттеу барысында жүйе қан тамырларының нақты әрі егжей-тегжейлі кескінін нақты уақыт режимінде көрсетеді. Бұл дәрігерлерге патологиялық өзгерістерді жедел анықтап, қан айналымын бағалауға және емдеу тәсілі жөнінде процедура барысында бірден шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Siemens Artis Icono Floor ангиографиялық кешені кардиология, нейрохирургия және тамыр хирургиясына арналған арнайы цифрлық бағдарламалармен жабдықталған. Сонымен қатар кешенде қосымша инвазиялық зерттеулерсіз коронарлық қан ағымының жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін VFFR технологиясы қолданылады.

Рентгенохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Александр Землянскийдің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жарты жылында жаңа жабдықтың көмегімен 840 диагностикалық және емдік араласу жасалған.

«Бүгінде ангиографиялық кешенде диагностикалық және емдік араласулардың кең ауқымы орындалады. Олардың қатарында жүрек қан тамырлары жүйесіне жасалатын операциялар, коронарография, жүрек тамырларын стенттеу, жүректің ишемиялық ауруы мен миокард инфаркті бар пациенттерді емдеу, ми қан тамырларына эндоваскулярлық араласулар, сондай ақ қант диабеті бар пациенттердің аяқ-қолдарының шеткері қан тамырларына жасалатын операциялар бар. Кешеннің басты артықшылығы жоғары сапалы цифрлық бейнелеу жүйесінде. Ол қан тамырларындағы өзгерістерді барынша дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сондай ақ аппарат дәрігердің жұмысын жеңілдететін және араласулар кезінде шешім қабылдауға көмектесетін интеллектуалды бағдарламалармен жабдықталған», – дейді бөлімше меңгерушісі.

Айта кету керек, референс орталығы заманауи клиникалық алаң ғана емес, сонымен қатар мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыруға, озық медициналық технологияларды енгізуге арналған базаға айналады. Жоғары технологиялық инфрақұрылымды дамыту Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл медициналық көмектің сапасын арттыруға және еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне әлемдік үздік тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.