ҚР ПІБ Медициналық орталық ауруханасында бірден екі жоғары технологиялық хирургиялық араласуды біріктірген күрделі операция сәтті өтті. 72 жастағы пациентке бір наркозбен аортокоронарлық шунттау және тоқ ішектегі ісікті алып тастау отасы жасалды.
Науқас клиникаға жоспарлы түрде жүрекке ота жасау үшін түскен. Операция алдындағы міндетті тексеру барысында дәрігерлер оның тоқ ішегінде ісік бар екенін анықтады. Мамандардың айтуынша, мұндай қатар жүретін аурулар шамамен пациенттердің 2-3%-ында кездеседі және әрбір жағдайда жеке емдеу тактикасын талап етеді. Егер алдымен жүрекке операция жасалса, ісіктің асқыну қаупі бар. Ал онкологиялық ауруға байланысты ота ауыр жүрек патологиясы кезінде жасалса, операциялық асқынулардың туындау қаупі жоғары болады.
Емдеу тактикасы кардиохирургтер, онкохирургтер және анестезиологтер қатысқан мультидисциплинарлық консилиумда айқындалды. Дәрігерлер науқастың наркозда болу уақытын барынша қысқартып, операциялық қауіптерді азайту үшін екі отаны бір мезгілде жасауды ұйғарды. Әрбір кезең мұқият жоспарланды.
Алғашқы кезеңде кардиохирургтер төс сүйегін ашпай, қабырғалар арасындағы шағын тілік арқылы аортокоронарлық шунттау операциясын орындады. Одан кейін онкохирургтер лапароскопиялық әдіспен тоқ ішектің зақымданған бөлігін алып тастап, ішектің тұтастығын қалпына келтірді.
«Біздің клиника үшін мұндай симультанды операциялар күнделікті тәжірибенің бір бөлігіне айналды. Осындай жоғары технологиялық араласуларды орындауда жеткілікті тәжірибе жинақтадық. Аз инвазивті әдістерді қолдану пациенттердің операциядан кейінгі кезеңді жеңіл өткеруіне және тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді», – деді Медициналық орталық ауруханасының кардиохирургі Арайгүл Ыдырышева.
Пациенттің өзі екінші диагнозы туралы жүрекке жасалатын операцияға дайындық кезінде білгенін айтты.
«Мен 72 жастамын. Инфаркттан кейін осы жерге жоспарлы операцияға келдім. Тексеру барысында дәрігерлер тоқ ішектен ісік анықтады. Барлық ота шағын тіліктер арқылы жасалды. Қазір өзімді жақсы сезінемін», – деді ол.
Клиника мамандарының айтуынша, симультанды операциялар наркозды қайтара жасамауға, емдеу және оңалту мерзімін қысқартуға, сондай-ақ пациент ағзасына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.