2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енуіне байланысты VIII сайланған екі палаталы Парламенттің қызметі аяқталды. Үш жыл ішінде Сенат пен Мәжілісте заңдар қабылданып, Палаталардың, комитеттер мен комиссиялардың отырыстары, парламенттік тыңдаулар, Үкімет сағаттары, халықаралық кездесулер және ресми іс-шаралар өткізілді. Осы кезең бойы аталған жұмыстардың үздіксіз ұйымдастырушылық, техникалық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының мамандары жүзеге асырды.
Үш жыл ішінде Басқарма әртүрлі деңгейдегі 10 мыңнан астам іс-шараны ұйымдастырып, техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етті. Олардың қатарында Палаталардың, комитеттер мен комиссиялардың отырыстары, халықаралық кездесулер, ресми қабылдаулар, сондай-ақ Мемлекет басшысының қатысуымен өткен хаттамалық іс-шаралар бар.
Сонымен қатар Парламент кешенін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Әкімшілік ғимараттарды жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңарту, цифрлық сервистерді енгізу және ішкі процестерді автоматтандыру бағытындағы жобалар іске асырылды.
Негізгі жобалардың бірі – заң шығару процесін цифрландыруға, рәсімдердің ашықтығын арттыруға, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге және қағаз құжат айналымын қысқартуға бағытталған «e-Parlament» бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу болды.
Заң шығару процесін сараптамалық қолдауды дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Парламентаризм институты Сенат пен Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп 111 заң жобасын, сондай-ақ 253 талдамалық анықтама мен қорытынды әзірледі.
Парламент қызметін көліктік қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болды. Басқарманың автобазасы шетелдік делегациялардың қатысуымен өткен 50-ден астам ресми іс-шараға қызмет көрсетті.
Қалыптастырылған инфрақұрылым, енгізілген цифрлық шешімдер және жолға қойылған жұмыс процестері VIII сайланған Парламенттің тұрақты қызметін қамтамасыз етіп, парламенттік сервисті одан әрі дамытуға берік негіз қалады.