Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымдардың қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Астана мен Алматы қалаларында өткен кезекті сенбілікке қатысты.
Елордада акцияға қатысушылар Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойындағы Есіл өзенінің жағалауын тазалады. «Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында жағалау бойына жиналған пластик, тұрмыстық және өндірістік қалдықтар, сондай-ақ қураған өсімдіктер жиналып, аумақ тазартылды.
Алматыда акцияға Ұлттық госпиталь ұжымы қатысты. Қызметкерлер Бәйсейітова көшесі мен Шевченко көшесінен жоғары орналасқан саябақ аумағын тазалап, жаяу жүргіншілер жолдарын, көгалдарды және жасыл желектердің айналасын ретке келтірді.
Айта кету керек, Президент Іс басқармасы ұйымдастырған биылғы 12-ші сенбілікке шамамен 170 адам қатысып, нәтижесінде 250-ден астам қап қоқыс жиналды.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жүйесінде экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Таза Қазақстан» акциясына қатысу қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және қалалардың тазалығын сақтауға ғана емес, сондай-ақ қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, яғни өмір сүріп, еңбек ететін ортамызға ұқыптылықпен қарауға бағытталған.