Басты бетГлаукома жылдар бойы ешбір белгісіз өтуі мүмкін – Медициналық орталық ауруханасының бас офтальмол...

Глаукома жылдар бойы ешбір белгісіз өтуі мүмкін – Медициналық орталық ауруханасының бас офтальмологы көру қабілетін сақтаудың жолдары туралы айтып берді

Глаукома жылдар бойы ешбір белгісіз өтуі мүмкін – Медициналық орталық ауруханасының бас офтальмологы көру қабілетін сақтаудың жолдары туралы айтып берді

Глаукома көздің ең қауіпті әрі жасырын дамитын ауруларының бірі саналады. Аурудың бастапқы кезеңінде ешқандай айқын белгілер байқалмайтындықтан, көпшілік адам дәрігерге өзгерістер қайтымсыз сипат алған кезде ғана жүгінеді. Ал қазіргі заманғы диагностикалық әдістер ауруды алғашқы шағымдар пайда болмай тұрып анықтап, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.

Көру қабілетін неліктен тұрақты тексеріп тұру қажет, катаракта бүгінде қалай емделеді және көз саулығын ұзақ жылдар бойы сақтауға не көмектесетіні туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бас офтальмологы, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның глаукома жөніндегі Сарапшылық кеңесінің мүшесі Мадина Құрманғалиева айтып берді.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда көздің ең кең таралған аурулары – катаракта, глаукома және жаc ерекшелігіне байланысты макула дегенерациясы. Катаракта заманауи технологиялардың арқасында хирургиялық жолмен тиімді емделсе, глаукоманы емдеу мүлде басқа тәсілді талап етеді.
Глаукоманың басты қауіпі – оның ұзақ уақыт бойы ешбір белгісіз өтуінде. Көрудің аздап нашарлауы, бейненің анық көрінбеуі немесе көздің тез шаршауын көпшілік жас ұлғаюымен немесе компьютер алдында ұзақ жұмыс істеумен байланыстырады. Алайда дәл осы кезеңде ауру көру жүйкесін біртіндеп зақымдай бастайды.

«Глаукома кезінде жасалатын операциялар жоғалған көру қабілетін қалпына келтірмейді. Олардың негізгі мақсаты – аурудың әрі қарай өршуін тоқтатып, көру қызметін сақтау. Сондықтан ауру неғұрлым ерте анықталса, көру қабілетін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – дейді Мадина Құрманғалиева.

Ауруды ерте кезеңде анықтауға оптикалық когерентті томография және компьютерлік периметрия сияқты заманауи диагностикалық зерттеулер көмектеседі. Бұл әдістер көрудің нашарлауын адам әлі сезіне қоймаған кезде-ақ көздегі патологиялық өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі офтальмологиядағы жетістіктер катарактаны емдеу тәсілдерін де түбегейлі өзгертті. Медициналық орталық ауруханасында бұлыңғырланған табиғи көз бұршағын жасанды интраокулярлық линзаға алмастыру бойынша аз инвазиялық, тігіссіз операциялар жасалады. Мұндай технология науқастың тез қалпына келуіне мүмкіндік береді, ал дұрыс таңдалған линза көптеген жағдайда көзілдірікке тәуелділікті айтарлықтай азайтады.

Сонымен қатар, маманның айтуынша, емнің нәтижесі тек заманауи құрал-жабдықтарға немесе хирургтің кәсіби шеберлігіне ғана байланысты емес. Науқастың өз жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады. Дәрігер ұсыныстарын орындап, тағайындалған дәрілік препараттарды уақытылы қолдану және бақылау тексерулерінен өтіп тұру – ем нәтижесін ұзақ мерзімге сақтауға ықпал етеді.

Көздің күрделі ауруларының қаупін төмендету үшін маман айқын белгілердің пайда болуын күтпеуге кеңес береді. 40 жастан кейін жыл сайын офтальмологтың профилактикалық тексеруінен өтіп, міндетті түрде көздің ішкі қысымын өлшету қажет. Ал көру қабілетінде қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаған жөн. Уақтылы жүргізілген диагностика көру қабілетін сақтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.