Басты бетБалалардың денсаулығына қандай ойыншықтар зиян тигізуі мүмкін

Балалардың денсаулығына қандай ойыншықтар зиян тигізуі мүмкін

Балалардың денсаулығына қандай ойыншықтар зиян тигізуі мүмкін Балалардың денсаулығына қандай ойыншықтар зиян тигізуі мүмкін

Ойыншықтар баланың қоршаған ортаны танып-білуіне және жан-жақты дамуына ықпал етеді. Алайда олардың барлығы бірдей қауіпсіз бола бермейді. Өнімнің санитариялық талаптарға сәйкестігін және құрамында адам денсаулығына қауіпті заттардың бар-жоғын Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында жүргізілетін зертханалық зерттеулер анықтайды.

Зертханалық бақылау қорытындылары ойыншықтардың таңбалануы бойынша талаптардың жиі орындалмайтынын көрсетіп отыр. 2025 жылы токсикология зертханасында ойыншықтардың 20 сынамасы зерттеліп, олар бойынша 84 зерттеу жүргізілді. Оның қорытындысында 19 сынамада таңбалау тәртібі бұзылғаны анықталды. Ал биылғы жыл басынан бері ойыншықтардың 8 сынамасы бойынша 29 зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде таңбалау және одориметриялық көрсеткіштер бойынша 8 сәйкессіздік белгілі болды.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы токсикология зертханасының меңгерушісі Назым Омарғалиеваның айтуынша, зертханада пластиктен, резеңкеден, тоқыма материалдарынан, ағаштан және өзге де материалдардан жасалған ойыншықтар, сондай-ақ бетінде бояуы бар бұйымдар зерттеледі.

«Қауіпсіз ойыншық дегеніміз тек әдемі дизайны мен сапалы материалы ғана емес. Оның қандай материалдан жасалғаны және белгіленген талаптарға сәйкестігі де маңызды. Зертханалық бақылау балалардың қолына түспей тұрып, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін өнімдерді анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Назым Омарғалиева.

Маманның айтуынша, зерттеу барысында қорғасын, фталаттар, формальдегид, бисфенол-А және басқа да заттардың мөлшері тексеріледі. Бұл заттардың шекті деңгейден асып кетуі баланың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе, үш жасқа дейінгі балалар мұндай заттардың әсеріне өте сезімтал, өйткені олар ойыншықтарды аузына жиі салады.

Зертханалық бақылау денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін өнімдерді дер кезінде анықтауға және олардың санитариялық талаптарға сәйкестігін растауға мүмкіндік береді. Мұндай тексерулер әсіресе мектепке дейінгі ұйымдарға, білім беру мекемелеріне, ойын бөлмелеріне және балалар күн сайын болатын басқа да орындарға арналған ойыншықтар үшін аса маңызды.

Назым Омарғалиева ата-аналарға сауда орындарынан сәйкестік сертификаты, таңбалануы, жас ерекшелігіне қатысты белгісі және өндіруші туралы ақпараты бар ойыншықтарды сатып алуға кеңес береді. Егер ойыншықтан өткір химиялық иіс шықса, бояуы оңай кетсе, қаптамасы бүлінген болса немесе оған қатысты құжаттары болмаса, оны сатып алмаған жөн. 

Маманның айтуынша, зертханалық бақылау қауіпті болуы мүмкін өнімдердің балалар қолына түспеуіне және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің сақталуына көмектеседі.