ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы медициналық көмектің сапасын арттыруға, ішкі жұмыс үдерістерін жетілдіруге және мамандарға арналған заманауи қолдау құралдарын қалыптастыруға бағытталған жасанды интеллект (AI) технологиялары негізіндегі цифрлық шешімдерді дамыту жұмыстарын жүргізуде.
Басым бағыттардың бірі – терапевт дәрігерлерге, диетологтер мен фармацевтерге арналған AI-ассистенттерді әзірлеу. Болашақта мұндай цифрлық көмекшілер медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысында қосымша құрал ретінде қолданылып, ақпаратты талдауға, деректерді жүйелеуге және клиникалық шешім қабылдау кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
AI-ассистенттер диагностикалау мен емдеу тәсілдерін біріздендіруге, дәрілік терапияның қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ нутрициологиядағы заманауи тәсілдерді ескере отырып, пациенттердің жеке ерекшеліктеріне сай дұрыс тамақтану бойынша ұсынымдар әзірлеуге ықпал етеді деп күтілуде.
Бұл технология дәрігерлерге қажетті ақпаратты жедел алуға, медициналық деректердің үлкен көлемімен тиімді жұмыс істеуге және шешім қабылдау барысында жасанды интеллекттің талдау мүмкіндіктерін пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар AI дәрігердің кәсіби сараптамасын алмастырмайтын, оның мүмкіндігін кеңейтетін қосымша құрал ретінде қарастырылады.
Жобаның тағы бір бағыты – зертханалық үдерістерге жасанды интеллект технологияларын енгізу. Болашақта AI құралдары зертханалық зерттеу нәтижелерін талдауға, ықтимал ауытқуларды анықтауға, ақпаратты өңдеу жылдамдығын арттыруға және зертханалық диагностика мамандарының жұмысын қолдауға пайдаланылуы мүмкін.
Медициналық орталықтағылар мұндай шешімдерді дамыту – ұйымды жүйелі цифрлық трансформациялау жұмыстарының бір бөлігі екенін атап өтті. Негізгі мақсат – медицина қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырып, пациенттермен өзара байланысты жақсартуға мүмкіндік беретін ыңғайлы әрі қауіпсіз цифрлық құралдарды қалыптастыру.
Жобаларды іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, дербес деректерді қорғауға және медициналық этика талаптарын сақтауға ерекше назар аударылады.
Жасанды интеллект технологияларын дамыту Қазақстанның цифрландыру және инновациялық шешімдерді енгізу жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келеді. Алдағы уақытта AI технологияларын медицина саласында қолдану медициналық қызметтердің сапасын, қолжетімділігін және қауіпсіздігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы болашақ медицинасын дамытуға бағытталған заманауи цифрлық технологияларды зерделеу және енгізу жұмыстарын жалғастыратын болады.