Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы 2025-2026 оқу жылының қорытындысын шығарды. Осы кезеңде мекеме халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп, республикалық байқауда жеңімпаз атанып, еліміздегі мектепке дейінгі білім беруді дамыту бағытындағы жетекші орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Оқу жылының басты жетістіктерінің бірі – Білім сапасын тәуелсіз аккредиттеу және бағалау жөніндегі агенттіктің халықаралық стандарттары бойынша аккредиттеуден сәтті өтуі болды. Тәуелсіз сараптама нәтижесінде балабақшадағы білім беру қызметінің, педагогтердің кәсіби жұмысының және басқару жүйесінің жоғары деңгейде екені расталды.
Оқу жылы бойы ұжым өздерінің авторлық білім беру бағдарламалары мен әдістемелерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырды. Педагогтер мен психологтерге арналған авторлық әзірлемелер, сондай-ақ балабақшаның тауар белгісі ресми түрде тіркелді. Қаңтар айында мектепке дейінгі білім беру саласындағы озық тәжірибе мен ғылыми-практикалық материалдар жарияланатын «Қарлығаш жаршысы» ғылыми-практикалық журналының алғашқы саны жарық көрді.
Тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінді. Балабақша базасында республикалық және халықаралық семинарлар, тағылымдамалар мен конференциялар ұйымдастырылып, Қазақстанның түрлі өңірлері мен шетелдерден келген педагогтер мен сарапшылардың басын қосты.
Ұжымның еңбегі де жоғары бағаланды. «Қарлығаш» балабақшасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институты ұйымдастырған «Мектепке дейінгі ұйымның үздік дамыту бағдарламасы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.
2023 жылдан бері «Қарлығаш» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құзыреттілік орталығы мәртебесіне ие. Мұнда балаларға сапалы тәрбие мен білім берумен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтерге мектепке дейінгі білім берудің заманауи әдістемелері үйретіледі. Балабақшада жинақталған тәжірибе бүгінде тек мекеме ішінде ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріндегі мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға да үлес қосып келеді.
Оқу жылының қорытындысы бойынша балабақшаға заманауи білім беру тәсілдерін енгізіп, озық тәжірибені кеңінен таратқаны үшін «Үздік құзыреттілік орталығы» мәртебесі берілді.
Балабақша тәрбиеленушілері де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Оқу жылы ішінде олар түрлі деңгейдегі 28 байқау, фестиваль және шығармашылық жобаларға қатысып, жалпы саны 494 жүлделі орын иеленді.
Оқу жылының қорытындылары басшылардың, әдіскерлердің және педагогтердің қатысуымен өткен педагогикалық кеңесте талқыланды. Кеңес барысында қол жеткізілген нәтижелер сараланып, алдағы оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды. Іс-шара соңында балабақшаның дамуына және мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталды.