Басты бетМемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным

Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным

Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күніне орай мемлекеттік қызметтің және Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жүйесінің дамуына ұзақ жылдар бойы елеулі үлес қосып келе жатқан азаматтар туралы баяндаймыз. Солардың бірі – Президент Іс басқармасы бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің меңгеруші орынбасары Қарлығаш Шибучикова. Ол өзінің саналы ғұмырының 29 жылын мемлекеттік қызметке арнаған.

Осы жылдар ішінде Қарлығаш Президент Іс басқармасы жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдерінің куәсі болып қана қоймай, жұмыс үдерістерін жетілдіруге және ведомствоның қаржы саласының дамуына өз үлесін қосты. Оның кәсіби жолы бүгінде жауапкершіліктің және мамандыққа деген адалдықтың жарқын үлгісі саналады.

Қарлығаш Қуанқызы Президент Іс басқармасындағы еңбек жолын 1990 жылдардың соңында бастаған. Мамандығы бойынша есепші болған ол бұл жүйеге орталық аппарат енді ғана қалыптасып, алғашқы ведомстволық бағынысты ұйымдардың жұмысы жолға қойылып жатқан кезде келген.

«Президент Іс басқармасына алғаш келген қыстың сол күні әлі есімде. Алғашқы бас бухгалтерімізді, бірге еңбек жолын бастаған басшыларымды ұмытқан емеспін. Ол кезде жас едім, тәжірибем де аз болатын. Басшылық әрдайым қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Сол кезеңді ерекше сағынышпен еске аламын. Маған өз ісіне шын берілген, жауапкершілігі жоғары адамдармен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Мен қызметке келген кезде орталық аппарат енді ғана қалыптасып жатқан еді. Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, Әкімшілік ғимараттар дирекциясы және басқа да ведомстволық ұйымдардың құрылуы мен дамуын өз көзіммен көрдім», – дейді ол.

Отыз жылға жуық уақыт ішінде мемлекеттік қызметтің құрылымы ғана емес, оның мазмұны мен жұмыс тәсілі де түбегейлі өзгерді. Қарлығаш Қуанқызының айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызмет бұрынғыдан әлдеқайда ашық, айқын әрі заманауи технологияларға негізделген жүйеге айналған.

«Мемлекеттік қызмет жүйесі түбегейлі өзгерді, әрі бұл өзгерістердің барлығы оң бағытта жүзеге асып жатыр. Қазіргі жас мамандардың мүмкіндігі әлдеқайда көп, мұнда кәсіби тұрғыдан өсуге, біліміңді жетілдіруге және біліктілікті арттыруға барлық жағдай жасалған. Алайда бұл мамандықтағы басты құндылықтар өзгерген жоқ. Мемлекеттік қызмет адамды тәртіпке, жауапкершілікке баулиды. Мен үшін ол – еңбекқорлық, тәртіп, жауапкершілік, адалдық және елге қызмет ету ұғымдарымен астасады. Барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – дейді Қарлығаш Қуанқызы.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында Қарлығаш Шибучикованың көпжылдық әрі адал еңбегі жоғары бағаланып, оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ведомстволық «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табысталды. Марапатты Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы аппаратының басшысы Алмас Исаков салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты жиында Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Айгүл Темірғалиева да жоғары марапатқа ие болды. Ол ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен наградталды.

Іс-шара барысында жиналғандар алдында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан сөз сөйлеп, мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы жаңашылдықтар, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын заманауи талаптар және жүйені одан әрі дамытудың жаңа бағыттары туралы кеңінен баяндады.