Басты бетПрезидент Іс Басқармасы жүйесінің қызметкерлері жыл басынан бергі оныншы сенбілікке қатысты

Президент Іс Басқармасы жүйесінің қызметкерлері жыл басынан бергі оныншы сенбілікке қатысты

Президент Іс Басқармасы жүйесінің қызметкерлері жыл басынан бергі оныншы сенбілікке қатысты

Сенбілік аясында Хусейн бен Талал көшесін қиып өтетін су арнасының аумағы тазартылды. Акцияға қатысушылар тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинап, құрылыс жұмыстарынан кейін қалған қоқыстардан іргелес аумақты тазартып, айналаны ретке келтірді.

Сонымен қатар Астана – Қарағанды тасжолы бойында орналасқан мекеме аумағын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілік барысында іргелес аумақтар тазартылып, тұрмыстық қалдықтардың едәуір көлемі жиналды.

Сондай-ақ ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшаларының аумақтары абаттандырылды. Атап айтқанда, тазалық жүргізіліп, қоршаулар сырланды, шағын сәулет нысандары мен серуендеу павильондарындағы едендер жаңартылды. Нәтижесінде тәрбиеленушілер үшін анағұрлым жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалды.

Бүгінгі экологиялық акцияға Президент Іс Басқармасы жүйесіне қарасты ұйымдардың 300-ден астам қызметкері қатысты. Сенбілік қорытындысы бойынша 500 қаптан астам қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

Президент Іс Басқармасында ведомствоға қарасты ұйымдардың «Таза Қазақстан» акциясына қатысуы жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Экологиялық іс-шаралар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты негізде өткізіліп, еліміздің түрлі өңірлеріндегі Президент Іс Басқармасы нысандарын қамтиды.

Жыл басынан бері Президент Іс Басқармасы жүйесінің ұйымдары 10 сенбілік өткізіп, оған шамамен 3300 қызметкер қатысты. Осы кезеңде 3000-ға жуық қап қоқыс жиналып, шығарылды. Аумақтарды абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясын одан әрі іске асыру аясында жалғасатын болады.