ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі ондаған жылдар бойы халыққа жоғары білікті медициналық көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде медицина саласы қарқынды дамып, медициналық мекемелердің қауіпсіздігі мен инфрақұрылымына қойылатын талаптар да айтарлықтай өзгерді. Сондықтан Ұлттық госпитальді жаңғырту мәселесі енді ғана көтеріліп отырған жоқ.
Госпиталь инфрақұрылымын жаңарту қажеттігі халықаралық сарапшылардың ұсынымдарында да бірнеше рет атап өтілген. Атап айтқанда, халықаралық JCI аккредиттеу ұйымының мамандары емдеу үдерісін ұйымдастыру, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша заманауи талаптарға назар аударған.
Соңғы он жыл ішінде жүргізілген техникалық тексерулер ғимараттардың жекелеген құрылымдарының тозғанын, инженерлік желілердің ескіргенін және нысандардың сейсмикалық тұрақтылығын күшейту қажеттігін көрсетті. Бұл – бір реттік қорытынды емес, жыл сайын расталып отырған жүйелі тұжырымдар.
2019 жылы сарапшылар ғимараттардың жекелеген құрылымдарын күшейтуді ұсынды. 2021 жылғы тексерулер күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін растады. Ал 2022 жылы ғимараттардың біріне «шектеулі пайдалануға жарамды» деген қорытынды беріліп, оны күшейту бойынша арнайы жоба әзірлеу ұсынылды. Құрылымдардың жай-күйін тұрақты бақылау үшін арнайы мониторинг жүйесі орнатылды.
Осылайша, Ұлттық госпитальді жаңғырту мәселесі 2024 жылғы жер сілкінісінен әлдеқайда бұрын күн тәртібіне қойылған болатын. Сол кезеңнің өзінде медициналық көмектің үздіксіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір бөлімшелерді кезең-кезеңімен көшіру нұсқалары қарастырылған.
Жер сілкінісі бұған дейін туындаған қауіптің негізсіз еместігін тағы бір мәрте көрсетті. Қосымша жүргізілген зерттеулер барысында құрылымдарда жаңа зақымдар анықталып, жинақталған мәселелерді тек жекелеген жөндеу жұмыстарымен шешу мүмкін еместігі белгілі болды.
Жүргізілген талдау кейбір нысандарды қауіпсіз пайдалануды жалғастыру үшін ауқымды күшейту жұмыстары қажет екенін көрсетті. Алайда мұндай жұмыстардың құны кей жағдайда жаңа ғимарат салу шығындарымен шамалас болады. Сонымен қатар бұл қолданыстағы инфрақұрылымның барлық шектеулерін толық жоя алмайды әрі жаңа ғимараттармен бірдей ұзақ мерзімді пайдалануға кепілдік бермейді.
Осыған байланысты Ұлттық госпитальді кезең-кезеңімен жаңғырту туралы шешім қабылданды. Жоба аясында нысандардың бір бөлігі қайта жаңартылып, жекелеген ғимараттар күшейтіледі, ал қажеттілігіне қарай жаңа корпустар салынады.
Жаңғыртудың басты мақсаты – пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптастыру және ұзақ жылдар бойы сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін сақтау.
Бүгінде Ұлттық госпиталь штаттық режимде жұмысын жалғастырып отыр. Барлық медициналық қызмет толық көлемде көрсетілуде, ал жаңғырту жұмыстары мекеменің қызметін тоқтатпай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.