Медицина – жай ғана мамандық емес. Бұл – адамның денсаулығы мен өміріне деген күнделікті жауапкершілік, терең білім мен үздіксіз ізденісті, өз ісіне адалдықты талап ететін қастерлі қызмет. Медицина қызметкері күні қарсаңында біз өз өмірін науқастар еміне арнаған Ұлттық госпиталь дәрігерлері туралы айтамыз.
Бүгінде Ұлттық госпиталь түрлі бағыттағы білікті мамандарды бір шаңырақ астына біріктіріп отыр. Оларды ортақ мақсат – сапалы медициналық көмек көрсету, диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдерін енгізу және әрбір науқасқа жанашырлықпен қарау ұстанымы біріктіреді. Әрбір медициналық қорытындының, жасалған ота мен сауығып шыққан әрбір пациенттің артында кәсіби шеберлік, мол тәжірибе және жылдар бойғы табанды еңбек жатыр.
Осындай білікті мамандардың бірі – функционалдық диагностика дәрігері Нағима Дәулетияр. Ол еңбек жолын 2012 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық ауруханасында терапевт және кардиолог ретінде бастаған. Бүгінде Ұлттық госпитальда қызмет етіп жүрген дәрігер жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға бағытталған заманауи диагностикалық әдістерді кеңінен қолданады.
Дәрігердің айтуынша, әрбір зерттеудің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан функционалдық диагностика саласында дәлдік, мұқияттылық пен жауапкершілік ерекше маңызға ие. Электрокардиография, эхокардиография, Холтерлік мониторинг және өзге де заманауи зерттеу әдістері ауруларды дер кезінде анықтап, олардың асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Нағима Дәулетияр медицинаның үнемі дамып отыратын сала екенін атап өтеді. Сол себепті дәрігер де кәсіби білімін үздіксіз жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеріп отыруы қажет деп есептейді. Болашақта ол Жапония мен Қытайдың озық медициналық тәжірибесімен танысып, үздік әдістерді өз тәжірибесіне енгізіп, пациенттерге одан әрі тиімді көмек көрсетуді мақсат етеді.
Осы құндылықтарды жоғары қоятын маманның тағы бірі –уролог дәрігер Елтай Шілдебаев. Ол медицина саласында 38 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Урологияға деген қызығушылығы студенттік кезеңде қалыптасқан. Мамандық таңдауына ұстаздарының ықпалы зор болып, олар дәрігерлік қызметке деген құрмет пен мамандыққа деген сүйіспеншілікті бойына сіңіре білді.
Елтай Шілдебаев еңбек жолында мыңдаған науқасқа көмек көрсетіп, көптеген күрделі операцияларды сәтті орындады. Оның айтуынша, бүгінде урологиялық аурулардың саны артып келеді. Әсіресе, бүйрек, қуық және қуықасты безі аурулары, сондай-ақ бедеулікке байланысты мәселелер жиі кездеседі.
Жоғары санатты дәрігер медициналық технологиялардың дамуы науқастарды емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын айтады. Қазіргі таңда көптеген операция аз инвазивті әдістер арқылы жасалады, бұл пациенттердің тезірек қалпына келуіне және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол әлемнің жетекші медициналық орталықтарында қолданылып жүрген жоғары технологиялық шешімдерді Қазақстанда кеңінен енгізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Көпжылдық кәсіби тәжірибесіне қарамастан, Елтай Шілдебаев отбасы құндылықтарын ерекше бағалайды. Оның пікірінше, жақын жандардың қолдауы мен ұрпақтар сабақтастығы адамға өмірлік бағдарын айқындап, алға сенімді қадам басуға күш береді.
Нағима Дәулетияр мен Елтай Шілдебаевтың өмір жолы – Ұлттық госпиталь мамандарының мыңдаған тағылымды тағдырларының бір парасы ғана. Әрбір диагноздың, әрбір операцияның және әрбір сәтті емнің артында қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс және адамға көмектесуге деген шынайы ниет жатыр. Осындай абзал жандардың арқасында медицина ғылым мен технологияға ғана емес, адамгершілікке, жанашырлыққа және мейірімге негізделген қастерлі мамандық болып қала береді.