Көптеген тұрғын үй, коммерциялық және өндірістік нысан иелері тышқандар мен егеуқұйрықтар тек күн суыған кезде қолайсыздық туғызады деп есептейді. Алайда Медициналық орталықтың Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары жаз мезгілінде кеміргіштердің ізі байқалса, олармен күресті кейінге қалдыруға болмайтынын ескертеді.
Жылдың жылы мезгілі – тышқандар мен егеуқұйрықтардың белсенді түрде көбейе бастайтын кезең. Осы уақытта олар ін қазып, жаңа аумақтарды игереді және ғимараттар ішінде жол салады.
«Егер нысан ішінде тышқандар немесе егеуқұйрықтар жаз мезгілінде пайда болса, бұл мәселенің әлдеқашан шыққанын білдіреді. Күзге дейін шара қолданбау зиянкестер санының айтарлықтай артуына әкелуі мүмкін. Бір жұп тышқан бір маусымда 50-60-қа дейін балалай алады. Сондықтан кеміргіштердің алғашқы белгілері анықталған сәттен бастап олармен күресті дереу бастау қажет», – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының маманы Олеся Негрий.
Жылдам көбеюінен бөлек, кеміргіштер мүлікке де айтарлықтай зиян келтіреді. Олар электр сымдарын, инженерлік коммуникацияларды, жылу оқшаулағыш материалдарды және әрлеу элементтерін зақымдауы мүмкін. Мұндай бүлінулер қосымша шығындарға әкеліп қана қоймай, қысқа тұйықталу мен өрт шығу сияқты төтенше жағдайлардың туындауына себеп болуы ықтимал.
Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қауіп те өте жоғары. Тышқандар мен егеуқұйрықтар лептоспироз, туляремия және геморрагиялық қызба сияқты бірқатар жұқпалы ауруларды таратады. Бұдан бөлек, олар азық-түлік өнімдерін, қоймаларды және жұмыс аймақтарын өздерінің тіршілік әрекетінің қалдықтарымен ластауы мүмкін.
Кеміргіштердің барын нәжіс іздерінен, азық-түлік қаптамаларының бүлінуінен, қабырғалар мен төбе аралықтарынан шығатын ерекше дыбыстар, сымдардың, жиһаздардың және құрылыс элементтерінің кемірілген іздерінен, сондай-ақ жабық бөлмелердегі өзіне тән жағымсыз иістен байқауға болады. Тіпті осындай белгілердің біреуі ғана байқалса да, оны елемеуге болмайды, өйткені бұл нысан ішінде кеміргіштер популяциясының қалыптасып жатқанын көрсетуі мүмкін.
Күз мезгілі келгенде жағдай әдетте күрделене түседі. Ауа райының салқындауы мен қорек қорының азаюына байланысты жаңа кеміргіштер жылы орын іздеп, ғимараттарға кіре бастайды. Егер нысанда олардың популяциясы бұрыннан қалыптасқан болса, зиянкестердің саны қысқа уақыт ішінде күрт артуы мүмкін.
Кеміргіштердің пайда болу қаупін азайту үшін мамандар ғимараттың жағдайын алдын ала тексеруге, қабырғалардағы, іргетастағы және есік маңындағы саңылауларды бітеуге, желдету арналарына металл тор орнатуға, азық-түлік пен қалдықтарды дұрыс сақтауға, сондай-ақ үй-жайлар мен оған іргелес аумақтарды үнемі тазалап отыруға кеңес береді. Әсіресе жертөле, қойма және техникалық бөлмелерге ерекше назар аудару қажет.
Егер тышқандар немесе егеуқұйрықтардың барын білдіретін белгілер анықталса, кәсіби дератизация жүргізу үшін Медициналық орталықтың Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандарына дер кезінде жүгінген жөн. Уақытылы қабылданған шаралар зиянкестер санының көбеюіне жол бермей, мүлікті сақтауға және нысанның санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Профилактиканың басты қағидасы – кеміргіштердің саны маусымдық түрде көбейгенін күтпей, алдын ала әрекет ету.